Otpan News Logo

Жаңаөзенде «Шеберлер шеруі» мега фестивалі өтті

Жаңаөзенде «Шеберлер шеруі» мега фестивалі өтті

Жаңаөзен қаласында ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған «Шеберлер шеруі» мега фестивалі өтті. Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараны Маңғыстау облысының әкімдігі, Жаңаөзен қаласының әкімдігі және «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Фестивальге жүзге жуық шебер ана қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Этнодизайнер Ырза Тұрсынзада қыз-келіншектерге ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретіп, құрақ құрау, киіз басу, шапан тігу, бау тоқу, күлте шашақ жасау секілді ұлттық қолөнердің түрлі бағыттары бойынша тегін шеберлік сағаттарын өткізді.

Қолөнерге бала кезінен жақын болған қатысушылардың бірі – Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бағила Шыртанова. 60 жастағы шебер құрақ құрап, тігін тігуді анасынан үйренген.Өндіріс саласында еңбек ететініне қарамастан, бос уақытында тігін машинасына отырып, түрлі бұйымдар жасайды.

«Бұрыннан тігін тігіп жүрсем де, жыл сайын әртүрлі жаңа дүниелер шығып жатады. Ырза апаны YouTube-тан көрдік. Жаңаөзенге осымен үшінші-төртінші рет келіп отыр. Барлық тегін сабағына қатысамын. Бұл үйде отырған, жұмыссыз, көпбалалы әйелдерге өте жақсы мүмкіндік. Бір нәрсені білмесек, тегін сабақта үйретеді, ары қарай дамытуға бағыт береді.Менің бір қызым, екі келінім бар, олар тігін тікпейді. Ал алты жасар немере қызым менің құраған құрақтарымды қарап, түстері сәйкес келмесе, басқа матаны қойып көреді. Бәлкім, ол да қызығушылық танытып, дәстүрлі өнерді жалғастырады деген сенімдемін», – дейді Бағила Шыртанова.

Фестивальдің ерекшелігі – биыл Ырза Тұрсынзадақызы шеберлік сабақтарына жергілікті тұрғындарды да кеңінен тартқан. Бұған дейін Жаңаөзенге келген сапарларында этнодизайнер өзімен бірге жеті шеберді ертіп келсе, бұл жолы екі маманмен қатар жергілікті тұрғындардың арасынан өнері мен шеберлігіне қарай бес ананы арнайы іріктеп алған. Этнодизайнердің айтуынша, бұл – бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан шеберлік сабақтарының нәтижесі. Жергілікті әйелдердің тәжірибесі артып, ұлттық қолөнерді меңгерген шеберлердің қатары көбейген.


«18 жылдан бері Қазақстанды аралап, мегафестивальдер, көрпе фестивальдерін өткізіп, құрақтың заманауи түрін жасауды үйретіп келемін. Мен бастаған кезде әлеуметтік желілерде әже, апаларымыздан қалған бір-екі көрпе ғана кездесетін. Ал қазір «көрпе» деп іздесеңіз, өте көп дүние шығады. Бұл – шеберлік сабақтарының жемісі, ұлттық өнердің жеңісі. Маңғыстау өңірі, Жаңаөзен қаласының ханымдарына алғысым ерекше. Себебі бұл жерде ұлттық өнер сақталған», – дейді Ырза Тұрсынзада. 

«Шеберлер шеруі» мега фестивалі аясындағы шаралар екі күнге жалғасты. Фестивальдің келесі күнінде ұлттық киімдерден сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптейтін қойылымдар ұсынылды.

Сонымен қатар шара соңында белсенділік танытып, ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосқан аналар Ырза Тұрсынзадақызының арнайы сыйлықтарымен марапатталады.

 

83
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!