Шайырдың қазыналы қариялары мерекелік кеште бас қосты
Шайыр ауылында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Таяуда ғана 100 жылдық мерейтойы дүбірлеп өткен ауылдың ажарлы аллеясында бас қосқан тұрғындар мен қонақтар аға буынға ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тағылымды жиынды Тұрар Жалғасбайұлы атындағы жалпы білім беретін Шайыр мектебінің ұжымы ұйымдастырған. Ауылдың тыныс-тіршілігіне, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосқан ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер, ардагер ұстаздар бұл күні ерекше ықыласқа бөленді.
«Ауылымыздың қарттары, ардагер ұстаздарымыз түгелге жуық келді. Ауылдың ең үлкен қариялары да ортамызда болды. Кеш өте жақсы өтті, аталарымыз бен әжелеріміз вальс билеп, ерекше позитивті атмосфера сыйлады», - дейді мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзина Жұмағалиева.
Кештің сыйлы қонақтарының қатарында ауылдың ең үлкен қариялары — 92 жастағы тыл ардагері Кавсария Төлешова мен 88 жастағы Зәбіхан Байсеитова болды.
Мерекелік бағдарлама барысында күмбірлеген күй тартылып, әсем әндер шырқалды. Оқушылар арнау өлеңдерін оқып, қазыналы қарияларға деген ыстық лебіздерін білдірсе, мектеп басшысы Зәмзәгүл Ұзақбаева бастаған ұстаздар ұжымы арнайы попурри орындап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында қарияларға дәстүрлі ақтан дәм ұсынылып, мектеп ұжымының атынан арнайы мерекелік сыйлықтар табысталды. Ауыл ақсақалдары мен әжелері ұйымдастырушыларға шынайы алғыс білдіріп, ел амандығы мен ұрпақ болашағы үшін ақ батасын берді.