Маңғыстауда білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан ұстаздарға 500 мың теңге сыйақы берілді
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ - Ақтауда өткен салтанатты жиынға 700-ге жуық мұғалім, білім саласының ардагерлері, облыс басшылығы мен құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында ұстаз еңбегінің маңызы мен білім саласының қоғамдағы орны айрықша атап өтілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, үздік педагогтерді марапаттады.
Президенттің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес бірқатар ұстаздар «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Мен 43 жыл бойы №11 Тұтқабай Әшімбаев атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және 25 жыл әдіскер болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда «Tulpar School» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде жұмысымды жалғастырудамын. Бүгінгі марапат үлкен еңбекпен келді деп айта аламын. 43 жыл бойы бір салада, бір жерде еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын. Шәкірттерім бір-бір саланы меңгерген керемет мамандар. Олардың жетістіктерін көргенде марқайып, мақтанып отырамын. Ұстаздық жолды таңдағаным үшін қуаныштымын», - деді Сәуле Рахимова.
Сонымен қатар Маңғыстау облысының білім беру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан ұстаздарды ынталандыру мақсатында облыс әкімінің қаулысымен 12 бағыт бойынша үздік деп танылған 12 мұғалімге «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде біржолғы сыйақы берілді.
Байқаудың II орын иегерлеріне Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық ұйымы тарапынан 12 ұстазға шипажайда демалуға жолдамалар табысталды.