Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісі осы айда іске қосылады
OTPANNEWS.KZ – Қазақстан мен Әзербайжанды Каспий теңізі арқылы байланыстыратын Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін осы айда іске қосу жоспарланып отыр. Қазір жоба аясында 390 шақырым кабель төселген, деп жазды kazinform.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, желіні тарту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Әзербайжанның Сумгаит жағалауынан Ақтауға дейінгі бағытта 390 шақырым талшықты-оптикалық кабель төселген.
«Заманауи телеком-инфрақұрылымды дамытуға тоқталсақ, негізгі жобалар бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Транс-Каспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Әзербайжанның Сумгаит жағалауынан Ақтауға дейін 390 шақырым кабель төселді. Желіні осы айда іске қосу жоспарланған», – деді Жаслан Мәдиев.
Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісі «Қазақтелеком» мен «Азертелеком» компанияларының бірлескен жобасы. Ол Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы цифрлық байланысты күшейтіп, интернет-трафикті транзиттеу кезінде сигналдың кідіруін азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстанның интернет-трафигін халықаралық бағыттарда транзиттеу мүмкіндігі кеңейеді деп күтіледі.