Otpan News Logo

Транскаспий халықаралық бағыты арқылы өтетін жүк тасымалдау көлемі артпақ

|
07.05.2026 10:30
Транскаспий халықаралық бағыты арқылы өтетін жүк тасымалдау көлемі артпақ

Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы биыл жүк тасымалының көлемі 20%-ға артты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, теңіз түбін тереңдету жұмыстары жедел түрде қолға алынды. Былтыр Құрық портында тереңдету жұмыстары жасалды. Биыл Ақтау теңіз сауда порты акваториясы аумағында тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде акваторияда кеме қатынасының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жүк айналымы ұлғаятын болады.


Атап айтқанда, «Semurg Invest» пен «Freeseas Container Shipping» компаниялары бірлесіп, 2027 жылға дейін флотты 6 кемеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2025 жылы жүк көтерімділігі 7 000 тоннаны құрайтын «Nasipkali Marabayev» атты құрғақ жүк кемесі іске қосылды.


Грузиндік «Georgian Industrial Group» компаниясы Құрық және Алят (Әзербайжан) порттары арасында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру үшін 6 паром сатып алу жобасын ұсынды. 2 паром Қазақстанға келеді және жыл сайын 2 паромнан іске қосылып, 2028 жылға дейін толықтай 6 паромды қамтиды.


Мемлекет Басшысы мен Үкіметтің инвесторларды тарту бойынша тапсырмасы аясында биыл қытайлық «Тянцзинь Гою Учан Групп» компаниясының филиалы «Джонюнг Интернешнал» компаниялар тобының Жаңа теңіз порты жобасы басталады. Қазіргі таңда, жер учаскесі анықталып, рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Келісім жасауға тиісті құжаттар дайындалуда. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың 2 тоқсанында басталады деп жоспарлануда. 


Көлік және логистика саласының перспективті жобасы – «Ақтау – Қазақстанның батыс қақпасы» халықаралық сауда-логистикалық хабын құру. Ол Құрық портына жақын жерде «құрғақ порт» элементтерін қамтитын болады. Аталған жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 2030 жылы еліміздің теңіз порттары мен терминалдарының жылдық өткізу қабілеті 22,3 млн.тоннадан 60 млн. тоннаға өсетін болады.

45
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!