Курорттық кешендер мен Бозжыра: Маңғыстауда туризмді дамыту үшін бірнеше жоба іске асып жатыр
Маңғыстауда туризмді дамыту үшін бірнеше жоба іске асып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Бозжыра шатқалында туризмді дамыту үшін өткен жылы 13,2 шақырым жол құрылысы басталды. Сондай-ақ электр желісін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. 2027 жылы жол және электр желісінің құрылысы толық аяқталады.
Ал қазіргі кезде Бозжыра жолының бойында визит орталықтың құрылысы аяқталды, орталық мамыр айында жұмысын бастайды.
Сонымен қатар өңірде 150 орындық термалды санаторий-курорттық кешен ашылады. Жобалау және қаржыландыру жұмыстарынан кейін құрылысы басталатын кешен келесі жылы пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, Ақтау қаласында 3 жыл бойы тоқтап тұрған санаторий-курорттық кешен жобасы «Каспий» ӘКК тетігіне беріліп, қосымша 480 орынға кеңейтілуде, аяқталу мерзімі – 2026 жылдың соңы.
Жазғы кезеңде балалар демалысын ұйымдастыру үшін «Aqqu Resort&Camp» көпфункционалды кешені пайдалануға берілді, ол жазда балалар лагері, қалған уақытта курорттық кешен ретінде жұмыс істейді.