Otpan News Logo

Маңғыстаудың жаңа экономикалық келбеті

|
06.05.2026 12:10
Маңғыстаудың жаңа экономикалық келбеті

ӘКК өңірлік даму институтына айналды


Соңғы жылдары еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысы жиі сынға ұшырап келгені жасырын емес. Көп жағдайда олар қаржы таратушы құрылым деңгейінде қалып, нақты экономикалық өсімге серпін бере алмады.  


Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар белгілі бір аймақтың экономикасын дамытуға бағытталған арнайы ұйым. Оның негізгі міндеті – бизнестің дамуына көмектесіп, экономикалық өсімге жағдай жасау. Яғни олар инвестиция тартады, жобаларды қаржыландырады немесе бірге қатысады, инфрақұрылымдық бастамаларды іске қосады, мемлекет пен бизнес арасындағы «көпір» қызметін атқарады. Қазақстанның барлық өңірінде өңірлік даму институттары бар. Әр облыстың өз ӘКК-сы жұмыс істейді. Мысалы Астана қаласында SPK Astana, Алматыда Алматы ӘКК, Атырау облысында Atyrau ӘКК,  Қарағанды өңірінде Saryarka ӘКК, Түркістан облысында Turkestan ӘКК, ал Маңғыстау облысында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірдің инвестициялық және экономикалық дамуына жауапты негізгі институттардың бірі болып табылады.


Бұл ұйымдардың барлығы бір модельмен құрылғанымен, әрқайсысы өз өңірінің ерекшелігіне қарай жұмыс істейді. Мысалы, бір жерде агро сала басым болса, екінші жерде туризм немесе өнеркәсіпке басымдық беріледі.


Негізінен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Яғни қаражаттың басым бөлігі облыс әкімдігі арқылы жергілікті бюджеттен бөлінеді, кей жағдайда республикалық бағдарламалар да қолдау көрсетеді. Бірақ бұл тек бюджеттен берілетін қаражатпен шектелмейді.


Осы жылдың сәуір айында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) трансформациялау мәселелері бойынша кеңес өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ӘКК-лерді толыққанды өңірлік даму институттарына айналдыру қажеттігін айтты. ӘКК қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды салалық министрліктер, өңір әкімдіктері және корпорациялардың өздері ұсынды.


Ендігі реформаға сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жобаларға жай ғана ақша бөліп қоймайды, өздері де инвестор ретінде қатысады. Олар кәсіпкерлермен бірге қаржы салып, жобаны бірлесе жүзеге асырады. Ең маңыздысы, қаржы көбіне қайтарымды негізде беріледі, яғни жоба табысты болса, салынған қаражат қайта айналымға түседі. Сондықтан ӘКК қазіргі бағыты қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет пен бизнестің бірге инвестиция салуы арқылы экономиканы дамыту тетігі деуге болады.


Маңғыстау облысындағы «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2007 жылы құрылды. Ол кезде Қазақстанда осындай ұйымдар енді ғана пайда бола бастаған еді. Алғашында олардың нақты бағыты толық айқын болмады, жерді басқарды, әртүрлі жобаларға араласты, әлеуметтік мәселелермен де айналысты.

Уақыт өте келе олардың функциясы қайта қаралып, қазір өңірлік даму институты форматына көшті. Бүгінде «Каспий» ӘКК өңірдің экономикасын дамытуға нақты бағытталған ұйымға айналды. Яғни басты мақсаты — инвестиция тарту, жобаларды қолдау және өңірдің дамуына нақты үлес қосу.


Корпорацияның әмбебап тәсілден кластерлік модельге көшуі бүгінгі экономиканың талабына сай шешім болып отыр. Өйткені қазіргі даму бәріне бірдей қолдау көрсетуді емес, нақты салаларды тереңдетіп дамытуға негізделген. Бұл тәсіл ресурстарды шашыратпай, шоғырландыруға мүмкіндік береді.


Кластерлік модель дегеніміз — бір-бірімен байланысты өндірістердің, қызметтердің және инфрақұрылымның бір жүйеге бірігуі. Мұндай тәсіл өңірдің табиғи, географиялық және экономикалық ерекшеліктерін барынша тиімді пайдалануға жол ашады. Маңғыстау жағдайында бұл — туризм, агроөнеркәсіп, логистика және қызмет көрсету салалары.


Бұған дейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар көбіне қаржы операторы деңгейінде қалып, жобаларды іріктеу мен қаржыландырудан әрі аса алмады.


Нәтижесінде олардың нақты экономикалық өсімге қосқан үлесі жиі күмән тудырып келді. Ал қазіргі кластерлік модельге көшудің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген,  яғни экономиканың белгілі бір сегментін жүйелі түрде дамыту арқылы мультипликативті әсерге қол жеткізуге болады. Яғни бір жоба тек өзін ғана емес, оған байланысты ондаған қосымша бизнес пен қызмет түрін дамытады. Осылайша аймақтағы «Каспий» ӘКК алғаш рет нарық логикасына бейімделген модельге бет бұрып отыр.

 

 Шикізатқа тәуелділіктен өндіріске: Маңғыстау қалай өзгермек?


Қазіргі таңда жалпы құны 22,1 млрд теңгені құрайтын 8 бірлескен жоба Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар арқылы шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қаржының бір бөлігі, яғни 13,9 млрд теңге «СПК Каспийдің» қатысуымен қайтарымды негізде салынған.


Бұл жобалар әртүрлі салаларды қамтиды. Мысалы, балық шаруашылығын дамыту мақсатында форель өсіріп, оны өңдейтін цех салу жобасы бар. Туризмді дамыту үшін Шерқала маңында демалысқа арналған глэмпинг ашу жоспарланған. Сондай-ақ «Жылы жағажай» аумағында санаторий-курорттық кешен салу және емдік-сауықтыру орталығын дамыту жобалары іске асырылмақ. Егер бұл жобалар инфрақұрылыммен және сервис сапасымен толықтырылса, өңірдің экономикалық құрылымын айтарлықтай өзгерте алады.


Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсету мен инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобалар да бар. Ақтауда автостанциясы, қоймасы және жәрмеңке алаңы бар үлкен көлік-логистикалық кешен салынып жатыр.


Логистикалық кешен құрылысы — өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтетін шешім. Ақтау портының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін дәл осындай инфрақұрылым қажет. Бұл жоба іске асса, өңір тек шикізат тасымалдаушы емес, өңірлік сауда хабына айналу мүмкіндігіне ие.


Ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласында да бастамалар қарастырылған. Түйе сүтін өңдейтін жоба және нано-технология арқылы шәрбат өндіретін цех салу жоспарланған.Ал киберспорт пен зияткерлік ойындар орталығы секілді жобалар — жаңа экономиканың элементтері. Бұл бастамалар жастарды тартуға, адами капиталды дамытуға ықпал етеді. Дегенмен мұндай жобалардың табысы нарық сұранысына тікелей тәуелді екенін ескеру қажет.


Жалпы алғанда, бұл жобалардың мақсаты — өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және туризм, өндіріс, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларды қатар дамыту.


Бұл жерде мемлекет «донор» емес, «инвестор» рөлін атқарып отыр. Яғни қаржының қайтарылуы жобалардың экономикалық өміршеңдігін талап етеді. Мұндай тәсіл тиімсіз бастамаларды автоматты түрде сүзгіден өткізіп, нарыққа бейім жобаларды ғана алға шығарады.


600 жаңа жұмыс орнының ашылуы да адамдардың тұрақты табыс табуына, тұрмысының жақсаруына мүмкіндік береді және жергілікті сауда мен қызмет көрсету саласының дамуына да ықпал етеді.


Әсіресе бір салаға ғана тәуелді өңір үшін мұндай жұмыс орындары өте маңызды. Өйткені тұрақты еңбек көзі адамдардың басқа жаққа көшіп кетуін азайтып, өңірдегі әлеуметтік жағдайдың тұрақты болуына көмектеседі.


Сонымен қатар жобалардың құрылымына назар аударсақ, олар қысқа мерзімді пайдадан гөрі ұзақ мерзімді экономикалық әсерге бағытталған. Мәселен, балық өсіру, түйе сүтін өңдеу немесе логистикалық кешен салу сияқты бағыттар — үнемі жұмыс істеп тұратын өндіріс түрлері. Мұндай жобалар ұзақ мерзімде тұрақты табыс әкеліп, экономиканың үздіксіз дамуына жағдай жасайды.


Жалпылай айтқанда жобалар әртүрлі салаларды қамтып, бір-бірін толықтырып тұр. Яғни мұнда бұрыннан бар дәстүрлі бағыттар да, жаңа салалар да қатар қамтылған. Бұл жобалар іске асса Маңғыстаудың экономикалық құрылымын түбегейлі өзгерте алады.


Бірақ қауіп те жоқ емес. Алда жобаларды дұрыс басқару және оны сапалы іске асыру мәселесі тұр. Егер жұмыстар дұрыс үйлестірілмесе немесе нарыққа дұрыс талдау жасалмаса, бұл жобалар күткен нәтижесін бермеуі де мүмкін.

 

Автор: Анаргул Жексембайқызы


69
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!