Әскердегі жастармен ашық әңгіме: Ақтауда прокурорлар сарбаздарға кеңес берді
Ақтау қаласында теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты ауқымды акция өтті. Республикалық профилактикалық іс-шара шеңберінде өткен жиында сарбаздардың құқықтық сауатын арттыру және әскери қызметтің маңызын түсіндіру мәселелері қамтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараны Ақтау гарнизонының әскери прокуратурасы ұйымдастырды. Оған прокуратура органдарының, Қарулы күштердің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері, әскери бөлім командирлері мен мерзімді әскери қызметшілер қатысты.
Жиын Мемлекеттік гимнмен басталып, қатысушылар таныстырылды. Кездесу барысында ардагерлердің өмір жолы үлгі ретінде ұсынылып, құқық қорғау жүйесіндегі прокуратураның рөлі мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ жаңа Халық Конституциясының негізгі қағидаттарына ерекше назар аударылды.
Шараның негізгі бөлігі ашық диалог форматында өтті. Нақты өмірлік мысалдар арқылы Отанды қорғау, патриотизм және заң үстемдігін сақтау мәселелері талқыланды. Әсіресе әскери қызметтің артықшылықтары – жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі, несие демалыстары, физикалық және тәртіптік дайындық, өмірлік бағыт-бағдарды айқындау секілді маңызды аспектілер сараланды.
Әскери прокуратура қызметкері, әділет майоры Сабина Жаруллаеваның айтуынша, мұндай кездесулер сарбаздардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың әскери борышты терең түсінуіне ықпал етеді.
Іс-шара соңында үздік әскери қызметшілер марапатталып, оларға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, қонақтарға әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі таныстырылып, экскурсия ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында құрмет қарауылы ротасының дефилесі көрсетіліп, концерттік қойылым ұсынылды. Кездесу ардагерлер мен сарбаздардың еркін форматтағы жүздесуімен аяқталды.