Маңғыстауда елімізде бұрын-соңды болмаған қолөнер орталығы ашылды
Маңғыстау өңірінде елімізде баламасы жоқ «Тәрбия» қолөнер орталығы ашылды. Жоба ұмыт бола бастаған халық өнерін жаңғыртуға бағытталған бірегей алаң ретінде жүзеге асып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Орталық аясында еліміздегі алғашқы кілем тоқу шеберханасы іске қосу көзделген. Қазіргі таңда жоба шеңберінде өңірдің шамамен 20 тұрғыны оқытылып, жұмыспен қамтылған.
Менің басты мақсатым – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. 30 жылдан бері ұлттық киімді насихаттап келемін. Енді өз еліме қандай үлес қоса аламын деген оймен әжелеріміздің қолынан шыққан, ұмыт бола бастаған кілем тоқу өнерін қайта жаңғыртуды қолға алдым. Қолөнерге қатысты барлық бағытты жастарға тегін үйретуді жоспарлап отырмыз. Жас шектеуі жоқ – ниеті бар кез келген адамға есігіміз ашық. Алдағы уақытта қыш өңдеуді де дамытқымыз келеді. Сонымен қатар шетелдік серіктестермен меморандумдар жасалып, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылады, – деді Тәрбия Айдымбаева.
«Тәрбия» қолөнер орталығы тек өндірістік алаң ғана емес, сонымен қатар білім беру платформасы ретінде де жұмыс істейді. Мұнда ұршықпен жіп иіру, жүн өңдеу, киіз басу секілді дәстүрлі өнер түрлері үйретіліп, ұлттық қолөнердің жаңа буын шеберлері қалыптастырылады.
Сонымен қатар жоба туризмді дамытуға да серпін бермек. Өңірге келген қонақтар дәстүрлі бұйымдардың жасалу үдерісін көріп, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақын танысуға мүмкіндік алады.
Мамандар бір кілемді тоқуға 3–4 айға дейін уақыт кететінін айтады. Бұл – үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін жұмыс. Орталықтың негізгі маңызы – қазақтың қолөнер бұйымдарын жасау технологиясын дамыту және оны сақтап қалу. Мұнда тегін оқыту да қарастырылған. Осы арқылы қолөнерді меңгерген азаматтар өз кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл жоба тек өңір үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.