Ақтауда Отан қорғаушылар күні салтанатты түрде атап өтілді
Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кездесу 25744 әскери бөлімінің мәдени-демалыс орталығында ұйымдастырылып, оған гарнизон әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері және әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің сарбаздары, әскери теңізшілер, ұшқыштар, шекарашылар, теңіз жаяу әскерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ Отан қорғаушылардың ата-аналары мен жұбайлары қатысты. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері мерекенің құрметті қонақтары болды.
Жиналған қауымды Ақтау гарнизонының бастығы подполковник Азамат Сүлейменов құттықтады.
– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Елімізде бейбітшілік, амандық және ашық аспан болсын. Бүгінде мемлекетіміз жаңартылған Конституцияның қабылдануының арқасында дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басты. Оның негізінде әділеттілік, заң үстемдігі және қоғамдық тәртіп секілді мызғымас құндылықтар жатыр. Әрбір әскери қызметші үшін бұл қағидаттардың маңызы зор. Себебі ар-намыс, тәртіп, Отанға адалдық пен жоғары патриоттық рух қашанда әскери қызметтің және елге қызмет етудің басты негізі болып қала береді, – деді ол.
Салтанатты шара барысында бірқатар әскери қызметші қызметтік міндетін үлгілі атқарғаны және жоғары кәсібилігі үшін Қорғаныс министрінің атынан медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік іс-шара гарнизонның шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Қонақтарға әскери қызмет, ерлік пен Отанға деген сүйіспеншілікке арналған патриоттық әндер мен музыкалық нөмірлер ұсынылды.