Ақтауда мектеп-лицей оқушыларына соғыс тарихы мен бейбітшіліктің маңызы туралы айтылды
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Ақтау қаласындағы Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 мектеп-лицейінде Қарулы Күштер өкілдерінің қатысуымен «Әскери мамандық - құрметті қызмет. Офицер - қаһарман мамандық» атты ерлік сабағы өтті. Оқушылармен еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде қонақтар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін еске алып, өз қызметтері туралы әңгімеледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 75488 әскери бөлімінің қызметкері, майор Жандос Қайыров, «Дарын» мектебінің Алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәнінің оқытушысы, запастағы подполковник Берікқали Жалғаубаев, М.Тынышпаев атындағы ALT көлік колледжінің АӘД оқытушысы, запастағы майор Андрей Попов, №11 мектеп-лицейінің әскери дайындық пәнінің оқытушысы, запастағы подполковник Серік Әлиев сынды құрметтік қонақтар қатысты.
Мектеп оқушылары қонақтарды Құрманғазының «Адай» күйімен қарсы алды. Оқушылар назарына Ұлы Отан соғысының батырлары - Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев, панфиловшылар және басқа да қарулы қақтығыстардың қаһармандары туралы бейнероликтер ұсынылды.
Запастағы офицерлер жастарға соғыс ардагерлерінің теңдесіз ерлігі туралы айтып, батыр бабалардың рухына тағзым етудің, патриотизмнің және тарихты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Олар қазіргі армияның өткен кезеңдермен салыстырғанда сапалы деңгейде өзгергенін, бүгінде Қазақстан шекарасын қорғауда озық техника мен қару-жарақ қолданылатынын, сондай-ақ қызмет атқару үшін лайықты жағдай жасалғанын атап өтті.
«Әрбір ер азамат әскери дайындықтан өтуі тиіс. Біз балаларға армиядағы қызмет - қасиетті борыш екенін түсіндіреміз. Дәл осы жерде олар ерлік мектебінен өтіп, өз отбасын да, елін де қорғауға қауқарлы, қайсар азамат болып қалыптасады. Қазақ тарихында батырлардан бастап, қазіргі заманғы ардагерлерге дейін үлгі аларлық тұлғалар көп. Сондықтан мұндай шаралардың практикалық маңызы өте зор. Жастар жауынгерлік тәжірибесі бар нағыз офицерлермен жүздесіп, олардың шынайы оқиғаларын тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады», - деді №11 мектеп-лицейінің АӘД оқытушысы Серік Әлиев.
25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері бригадасында қызмет еткен запастағы гвардия майоры Андрей Попов әріптестерін және барлық Қарулы Күш өкілдерін Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, әр отбасына бақыт, ал елімізге тыныштық пен өркендеу тіледі.