Otpan News Logo

Теңіз жаяу әскерінің үздік ротасы: сенім мен тәртіп шыңдаған ұжым

Теңіз жаяу әскерінің үздік ротасы: сенім мен тәртіп шыңдаған ұжым

Теңіз жаяу әскерінің бірінші шабуылдау батальонына қарасты үшінші шабуылдау ротасы үздіктер қатарында. Әскерге былтыр күзде шақыртылған сарбаздар қысқа мерзім ішінде сапалы даярлықтан өтіп, оқу-жаттығуларда жоғары нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қазыбек Ниязбек аз уақыт ішінде кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, жеке құрамды алдыңғы қатарға шығарып отыр.


Ол 2018 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсіп, 2022 жылы тәмамдаған соң 25744 әскери бөліміне взвод командирі болып тағайындалған. Бір жыл екі ай ішінде тәжірибе жинап, кейін взводпен қолдау ротасының командирі қызметіне көтерілді. Тоғыз айдан кейін үшінші шабуылдау ротасының тізгінін қолға алды.


Рота командирінің айтуынша, бөлімшенің басты жетістігі 2025 жылы өткен «Айбалта» оқу-жаттығуымен тікелей байланысты. 


Ауқымды дайындық барысында рота барлық кезеңде алдыңғы қатардан көрініп, нормативтерді мүлтіксіз орындаған. Соның нәтижесінде «Үздік рота» атағына ие болды. Бұл жетістік кейін Бас штаб тексерісі кезінде де бекітілді — атыс және тактикалық дайындық көрсеткіштері бойынша бөлімше тағы да үздік деп танылған.


«Күзгі шақырылыммен келген сарбаздар қысқа уақытта бейімделіп, ірі оқу-жаттығуға қатысу деңгейіне жетті. Нормативтерді орындау барысында ротамыз үздік нәтиже көрсетті. Соның нәтижесінде “Үздік рота” атағын алдық», – дейді аға лейтенант Қазыбек Ниязбек.


Қазіргі таңда ротада 63 сарбаз қызмет етеді. Олардың әрқайсысы нақты әскери мамандық бойынша даярланған: бөлімше командирлері, механик-жүргізушілер, көздеуші-операторлар, гранатаатқыштар, оқшашаршылар мен атқыштар. Дайындық бірнеше кезеңнен тұрады — алдымен теориялық білім тренажерлық сыныптарда беріледі, кейін сарбаздар далалық жаттығуларда тәжірибесін шыңдайды.


Алайда командир үшін тек әскери шеберлік жеткіліксіз. Ол ұжым ішіндегі психологиялық ахуалға ерекше мән береді. Себебі жауынгердің дайындығы тек физикалық қабілетпен емес, ішкі сеніммен де өлшенеді.


«Сарбазды тек үйретіп қана қоймай, оны түсіну керек. Әрқайсысының мінезі, жағдайы әртүрлі. Біз олармен сөйлесеміз, қолдаймыз, бағыт береміз. Сонда ғана нәтиже болады», – дейді аға лейтенант.


Оның айтуынша, бастапқыда әскери ортаға бейімделуі қиын сарбаздар да кездеседі. Бірақ жүйелі жұмыс пен дұрыс мотивация олардың өзгеруіне жол ашады.


«Алғашында сенімсіз немесе тұйық келген сарбаздардың өзі уақыт өте ашылып, жақсы нәтиже көрсете бастайды. Бұл – біздің ортақ еңбегіміздің жемісі», – дейді ол.


Командир үшін ең маңызды қағиданың бірі – әділдік. Ол қарамағындағы 63 сарбаздың ешқайсысын бөліп-жармайды.


«Мен үшін бәрі бірдей. Жақсы не жаман деп бөлу – командирге жат нәрсе», – дейді ол.


2022 жылдан бері әскери қызметте жүрген жас офицер үшін әр күн – жаңа сынақ, жаңа жауапкершілік. Ал оның басқаруындағы үшінші шабуылдау ротасы бүгінде теңіз жаяу әскерінің сенімді тірегіне айналып отыр.

85
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!