Әскер журналист көзімен: БАҚ өкілі Ұлттық ұлан қатарында қалай қызмет етіп жүр?
Әскери қызметші Нұрсұлтан Құрмашев 2025 жылдың соңында Батыс Қазақстан облысынан Маңғыстауға әскерге шақырылды. Оның әскерге келгеніне – бес ай, осы мерзім ішінде ол түрлі қызықты оқиғаларды бастан кешті. Нұрсұлтан әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс деп санайды, otpannews.kz сайты.
Нұрсұлтан Құрмашев мектеп кезінен-ақ шығармашылыққа бейім болған. Мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, қызықты тұлғалардан сұхбат алуды ұнататын. Кейін Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) жоғары білім алып, Орал қаласындағы «Ақжайық» телеарнасында журналист болып жұмыс істеп үлгерді.
«Мәтін жазу – өнер. Әр адам өз ойын қағаз бетіне сауатты түсіре алмайды. Жазу арқылы оқырманға, қоғамға көп нәрсені жеткізуге болады. Журналистикада маған жұмыстың бәрі ұнайды, бірақ ең маңыздысы – қарым-қатынас. Мұнда байланыс орнап, адамдармен тығыз қарым-қатынас қалыптасады, ерекше шығармашылық орта туындайды. Бұл мамандық беделді де жан-жақты тұлғаларға жақын болуға, олардан құнды білім мен дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді», – дейді әскери қызметші.
Сарбаздар үшін жаңа ортаға тез үйреніп, офицерлермен және қызметтестерімен жақсы қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Құрмашев ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің атқыштар ротасында қызмет етеді. Табиғи және кәсіби көпшілдігі кейіпкерімізге жаңа ортаға тез бейімделуге көмектесті.
Нұрсұлтанның айтуынша, әскерде қызмет ету – әрбір ер азаматтың Отан алдындағы парызы. Нағыз ер жігіт қайсар мінез бен мықты ерік-жігерге ие болуы керек, ал армия өмірі осы қасиеттерді шыңдауға көмектеседі.
Қызмет барысында Нұрсұлтан өзінің физикалық дайындығын, тәртібі мен өзін-өзі бақылау қабілетін айтарлықтай жақсартуды көздейді. Сонымен қатар ол қоғамдық тәртіпті күзетумен байланысты қызметтік міндеттерін қызықты әрі жауапты деп санайды.
«Қоғамдық тәртіпті күзету қырағылықты, зейінділікті, адамдармен сыпайы қарым-қатынас орната білуді және кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуды талап етеді. Біз қызметтестерімізбен бірге бұл міндетті барынша жауапкершілікпен орындауға тырысамыз», – дейді Нұрсұлтан.
Отан қорғаушылар күніне орай Нұрсұлтан әскери саланың барлық өкілдерін мерекемен құттықтап, денсаулық, бақ-береке және бейбітшілік тіледі. Әскери борышын өтеп болған соң, кейіпкеріміз кәсіби жолын журналистика саласында жалғастыруды жоспарлап жүр.