Otpan News Logo

Биыл Маңғыстау түлектеріне 2500 нысаналы грант бөлінді

|
06.05.2026 14:51
Биыл Маңғыстау түлектеріне 2500 нысаналы грант бөлінді
gov.kz

Маңғыстау облысының мектеп бітіруші түлектері үшін 2500 нысаналы грант бөлінді. Оның ішінде 550-і - педагогикалық ғылымдарға, 175-і - жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға, 775-і - ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, 1000-ы - инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына түсетін түлектерге беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, республикалық білім гранты конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Өтініштерді жоғары оқу орындарының базасында, нақтырақ айтқанда Ақтау қаласындағы Ш. Есенов университетде тапсыруға болады.


- Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін белгілі болады. «Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» салалары бойынша арнайы емтихандар 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді. Шығармашылық емтиханға өтініш беру мерзімі: 1) 20 маусымнан 6 шілдеге дейін; 2) 12–19 тамыз аралығы (ақылы негізде оқуға түсушілер үшін). Шығармашылық емтихандарды өткізу мерзімі: 1) 7–15 шілде; 2) 20–23 тамыз (ақылы негізде оқуға түсушілер үшін). Білім беру гранты куәліктерін grant.testcenter.kz сайты арқылы тексеруге болады, - деді Клара Құлатаева.


Конкурсқа қатысу немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін белгіленген шекті баллдар: ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария - 50 балл, денсаулық сақтау - 70 балл, педагогикалық ғылымдар мен құқық - 75 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына - 65 балл. Сонымен қатар жоғары оқу орындары өздерінің шекті балдарын дербес белгілей алады.


Брифингте спикер жыл сайын жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары бөлінетінін айтты. 2018-2025 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен барлығы 1499 білім беру гранты бөлінген. Атап айтқанда, бакалавриатқа - 1346, магистратураға - 47 және резидентураға - 106.


Бөлінген гранттардың басым бөлігі өңір қажеттілігіне сәйкес медицина (862), педагогика ғылымдары (201), өнер және сән дизайны (195) бағыттарына берілді. 


Жергілікті бюджет есебінен берілетін білім беру гранттарына конкурс туралы ақпарат жыл сайын 10 шілдеге дейін Білім басқармасының интернет-ресурстарында (ресми сайт, Facebook және Instagram желілерінде) жарияланады. Әр жылдың тамыз айында конкурс комиссиясының отырысы өткізіліп, грант иегерлері анықталады. Конкурсқа қатысу үшін талапкерлердің құжаттары 5-10 тамыз аралығында Ш. Есенов университеті базасында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі жыл сайын 20–25 тамыз аралығында Білім басқармасының ресми сайтында жарияланады.


Сондай-ақ облыстық білім басқармасының бөлім басшысының мәліметінше, биыл мамыр–маусым айларында өтетін ҰБТ-ға 9 мыңнан астам түлек қатысады.


- Осы оқу жылында облыста меншік нысанына қарамастан 179 жалпы білім беретін мектепті 10 030 түлек аяқтайды. Мектеп бітірушілердің 367-сі «Алтын белгіге», 635-і «үздік аттестатқа» үміткер. Жыл сайын 7 мыңнан астам түлек еліміздің жоғары оқу орындарына түседі (ақысыз және ақылы негізде). Соңғы үш жылда 9 мыңнан астам түлек жоғары оқу орындарында білім алып жатыр, - деді Клара Құлатаева.


Айта кетейік, 2022-2025 жылдар аралығында Маңғыстау облысына арнайы квота бойынша нысаналы гранттар бөлініп, мектеп бітіруші түлектердің еліміздің беделді жоғары оқу орындарында тегін білім алуына мүмкіндік жасалды. Бүгінде осы жоба аясында маңғыстаулық 7899 студент Қазақстанның 40-тан астам жоғары оқу орнында білім алып жатыр.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!