Маңғыстау облысында су тұшыту қуатын арттыруға бағытталған 4 ірі жоба іске асырылады
Облыста ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы күрделі мәселе болып келді. Мәселені шешу бағытында Ақтау қаласында қосымша 46 мың куб, Кендірліде 50 мың куб, Құрық ауылында 10 мың куб Форт-Шевченко қаласында 5 мың куб су тұшыту қондырғы кешендері іске қосылды. Аталған аймақтарда ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қазіргі таңда Ақтау қаласы толықтай ауыз сумен қамтылған. Алайда, «МАЭК» ЖШС-да су тұшыту қондырғыларының тозығы жетуіне және Ақтау қаласы солтүстік бағытында дамуына байланысты су өндіру қуатын арттыруға бағытталған 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
- «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 100 000 м3-ге дейін арттыра отырып, 3-ші кезеңін салу жобасының бүгінгі таңда ЖСҚ жасақталуда. Болжамдық құны – 70 млрд.теңге.
- «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 12 000 м³ өнімділігі бар тұшыту қондырғысын салу жобасы бойынша ЖСҚ жасақталуда. Болжамдық құны - 25 млрд.теңге.
- «МАЭК» ЖШС аумағында пермеаттың жалпы өнімділігін тәулігіне 24 000 м³-ке арттыра отырып, кері осмос станциясын салу жобасының құны 19,3 млрд.теңгені құрайды. Жобаға 2025 жылы жергілікті бюджеттен 5,8 млрд.теңге (30%) бөлінді. Жобаны толықтай аяқтау үшін республикалық бюджеттен 13,5 млрд.теңге (70%) қажет.
- «Құйылыс-Меловое су кен орнын жаңғырту» жобасы бойынша ЖСҚ жасақталуда, болжамдық құны - 8,1 млрд.теңге.
Бүгінгі таңда «МАЭК» ЖШС-ның негізгі жабдықтарының тозу деңгейі 81,2%құрайды (энергоблок №1 – 88%, энергоблок №2 – 92,1%, энергоблок №3 – 82,5%).
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде қолданыстағы ескі су тұшыту қондырғылары кезең-кезеңімен заманауи, энергия үнемдейтін және өнімділігі жоғары жаңа қондырғылармен алмастырылады.
«МАЭК» ЖШС-нің 3 энергоблогын жаңғырту бойынша жобалық сметалық құжаттама жасалды. 1-энергоблок бойынша (24.12.2025 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды) жоба құны – 162,8 млрд теңге. Қалған екі энергоблокты инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Жылу мәселесіне қатысты Ақтау қаласының магистралдық және шағынауданішілік жылу желілерін реконструкциялау шеңберінде 64 шақырым жылу желілерін жаңарту жобалары аяқталды. Нәтижесінде, Ақтау қаласы бойынша тозу деңгейі 79%-дан 70%-ға төмендеді және жылыту маусымы кезеңінде ақаулар саны 118 бірлікке азайды (2024 жылы – 376 ақау, 2025 жылы – 258 ақау).
Ақтау қаласын үздіксіз электрмен қамтамасыз ету мақсатында «Хаб-1» және «Хаб-2» қосалқы станциялары салынды(жалпы қуаттылығы 252 МВт). Қазіргі таңда осы қосалқы станцияларды қаланың қолданыстағы электр желілеріне қосу және тиісті инженерлік инфрақұрылыммен жалғау жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны толық іске асыру нәтижесінде Ақтау қаласындағы электр желілерінде орын алатын авариялық жағдайлардың деңгейін 80%-ға дейін төмендетеді.