Otpan News Logo

«Таза Қазақстан»: Ботаникалық бақта жасыл технология сыналуда

|
24.02.2026 11:35
«Таза Қазақстан»: Ботаникалық бақта жасыл технология сыналуда

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағы аумағында арнайы экологиялық іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Шара барысында студенттермен бірге ағаш тектес өсімдіктерді жылдам өсіру, тұқым егу және оларды жерсіндіру бағытында тәжірибелік жұмыстар жүргізілді.

 

Ботаникалық бақ директоры, биология ғылымдарының кандидаты Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, соңғы үш жылда ғылыми мақсатты бағдарлама аясында ағаш тектес өсімдіктерді мәдениетке енгізу және көбейту жолдарын кеңінен насихаттау қолға алынған. Сонымен қатар, өңірде дәстүрге енбеген жеміс-жидек өсімдіктерін өсіру жұмыстары да қатар жүргізілуде.


«Біз ағаштарды жылдам өсіру тәсілдерін тәжірибеге енгіздік. Өсімдіктің биологиялық ерекшелігіне қарай іріктелген тұқымдар бір жылдың ішінде бір метрге дейін жетеді. Қыркүйек айының соңында оларды ашық топыраққа отырғызамыз. Қазір “Таза Қазақстан” акциясы аясында студенттермен бірге бес түрлі өсімдікті жедел өсіру жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Арнайы топырақ қоспаларын пайдалану арқылы бір ай шамасында 10-15 сантиметрге дейін өсіруге болады. Мысалы, тұт ағашының тұқымы қазан айында егілді, қазір едәуір өсіп, басқа ыдысқа көшірілуде. Екі айдан соң тұрақты жерге отырғызамыз. Студенттерге әдістемелік жұмыстарды көрсетіп, тәжірибені кең көлемде енгізудеміз», - деді Ақжүніс Иманбаева.


Шараға қатысқан Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 3-курс студенті Әйгерім Абайқызы бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.


«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғатты көгалдандыру және қорғау мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, бұл - экологиялық жауапкершілік. Біз студенттер оқу барысында түрлі зертханалық жұмыстарды атқарамыз, ал мұндай тәжірибелік шаралар теориялық білімімізді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік береді», — деді студент.


Айта кетейік, мұндай экологиялық бастамалар жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, өңірдің жасыл желегін көбейтуге бағытталған.

369
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!