Білім беру саласы: жаңа мектептер мен жаңа мүмкіндіктер
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында соңғы бес жылда мектеп инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарды. Өңірде оқушыларға қолайлы жағдай жасау және білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, 2025 жылы 12 600 оқушыға арналған 13 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошақтарының салынуы өңірдегі үш ауысыммен оқитын мектептер санын қысқартуға мүмкіндік берді.
Мектеп инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары өңірде бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2021 жылы Ақтаудың 34-шағынауданында 1200 орындық, Шығыс-1 шағынауданында 300 орындық екі мектеп ашылды.
2022 жылы облыс орталығындағы 31А шағынауданында 1200 орындық мектеп пайдалануға беріліп, 32А шағынауданындағы мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салынды. Сондай-ақ Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс ауылында 600 орындық мектеп ашылды.
2023 жылы Маңғыстау ауданының Бекі ауылында ескі ғимараттың орнына 100 орындық жаңа мектеп салынды. Ал Форт-Шевченко қаласындағы М. Горький атындағы мектептің жанынан 125 орындық қосымша корпус бой көтерді.
2024 жылы облыста жалпы сыйымдылығы 4800 орын болатын төрт мектеп пайдалануға берілді. Олар Ақтаудың 18 және 19-шағынаудандарында, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе-2 тұрғын алабында және Басқұдық ауылдық округіне қарасты Алау тұрғын алабында орналасқан. Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылындағы А. Мендалыұлы атындағы орта мектепке 200 орындық қосымша ғимарат салынды.
2025 жылы мектеп құрылысы қарқын алды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 12 600 оқушыға арналған 13 мектеп ашылды. Оның алтауы Ақтауда, үшеуі Мұнайлы ауданында, екеуі Бейнеу ауданында орналасқан. Жаңа мектептердің тағы біреуі Жаңаөзенде, біреуі Маңғыстау ауданында пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік қаражатына 1200 орындық мектеп ашылды.
Мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін қолданыстағы ғимараттар да кеңейтіліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақшұқыр ауылындағы М. Әбдікалықов атындағы мектеп-гимназияға 300 орындық, Жаңаөзендегі №18 мектепке 288 орындық қосымша корпус салынды. Екі ғимараттың жалпы сыйымдылығы 588 орын.
Жаңа мектептер мен қосымша корпустардың салынуы оқушыларға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етті. 2024 жылмен салыстырғанда облыста үш ауысыммен оқытатын мектептер саны 10-нан 3-ке дейін қысқарды.
Балалардың сабақтан тыс білім алуына да жағдай жасалып келеді. 2024 жылдың қаңтарында 5000 орынға арналған Оқушылар сарайы ашылды. Мұнда балалар шығармашылықпен айналысып, қабілеттерін дамытуға және қосымша білім алуға мүмкіндік алды.