Республика күні: мәдениет саласының үздіктері Отпан тауда оқушылармен кездесті
OTPANNEWS.KZ. – «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Республика күні мен Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Республикам менің» атты кездесу өтті. Мәдениет саласының үздіктері Данияр Аралбаев пен Набат Ыспайқызы Шетпе ауылындағы Берекет Жұмалиев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушыларымен кездесті.
Жүздесуде ардагерлер Республика күнінің тарихына тоқталып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы маңызды кезеңдерді еске алды. Сондай-ақ елдігіміздің негізін қалаған тарихи құжаттар туралы айтып, олардың мемлекет тарихындағы орнын түсіндірді.
Қатысушылар ел тәуелсіздігінің қадір-қасиеті, ұлттық бірегейлікті сақтау және тарихи сабақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасты. Тарихи-мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы да сөз болды.
Кездесу барысында оқушылар ел тарихына қатысты мағлұмат алды. Шара соңында қатысушылар тарихи-мәдени мұраны насихаттау бағытында бірлесіп жұмыс істеу және жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығын арттыру жөнінде ой бөлісті.