Otpan News Logo

Онлайн-қарыз алу тәртібі өзгерді: Алаяқтардан қалай қорғанып, қаржыны қалай басқарамыз?

|
21.10.2026 10:08
Онлайн-қарыз алу тәртібі өзгерді: Алаяқтардан қалай қорғанып, қаржыны қалай басқарамыз?
Gemini

Елімізде 1 қазаннан бастап кепілсіз онлайн-рәсімдейтін жеке тұлғаларға сауалнама жүргізу енгізілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, мұндай қадам алаяқтардың әсерінен қарыз алып, содан кейін алынған ақшаны үшінші тұлғаларға аударатын қарыздың рәсімделуіне жол бермеу үшін жасалды.


Сауалнама 7 сұрақтан тұрады. Атап айтқанда, қарыз алушы несиені рәсімдеуді кім ұсынғанын көрсетуі керек: шешімді өзі қабылдады ма, әлде бұған өзін «қауіпсіздік қызметінің», «полицияның», «банктің» қызметкерімін деп таныстырған үшінші тұлға әсер етті ме? 


- Сауалнамада адамның не үшін несие алып жатқаны, қарызды өзі рәсімдеп жатқаны, оған біреудің қысым жасап-жасамағаны, шарт талаптарымен танысқаны және бұған дейін «ақшаңызды қорғау» немесе «шотыңызды тексеру» деген сылтаумен қоңырау болған-болмағаны сұралады. Сауалнама нәтижесі бойынша ықтимал алаяқтық немесе қарызды үшінші тұлғалардың ықпалымен рәсімдеу белгілері анықталған кезде банк қарыз алудың мән-жайларына қосымша тексеру жүргізеді, - деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. 


Киберқылмыскерлердің арбауынан қалай сақтану керек?


Мамандар мұндай сауалнаманың енгізілуі азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс тетігінің бір түрі екенін атап өтті. 


- Алаяқтар әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп, психологиялық қысым көрсету арқылы адамдарды саналы түрде ойлануға мұрша бермей несие алуға мәжбүрлейді. Көп жағдайда алаяқтардың арбауына түскен азаматтар несие алып, қаражатты басқа біреудің шотына аударып жібергеннен кейін ғана алданғанын түсінеді. Бұл сауалнама күдікті операцияларды алдын ала анықтауға көмектеседі деп есептеймін. Ал киберқылмысқа қарсы жұмыс істейтін органның өкілі ретінде қаржыңызды және жеке деректеріңізді қорғау үшін қарапайым, бірақ маңызды ережелерді есте сақтаған жөн екенін айтқым келеді. Өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып қоңырау соққан адамдарға сақтықпен қарау қажет. Банк қызметкері клиенттен SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздерді немесе банк картасының PIN-кодын сұратпайды, мұндай деректерді ешқашан айтпау керек. Азаматтар жеке куәлік деректерін, ЖСН-ді және өзге де мәліметтерді белгісіз тұлғаларға бермеуі маңызды. Белгісіз нөмірден немесе күмәнді аккаунттан келген сілтемелерді де ашпаған жөн. Әсіресе сыйлық ұтып алу, әлеуметтік төлем алу, банк шотын растау немесе жеңілдікке ие болу туралы хабарламаларға сақтықпен қарау керек, - деді Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз хатшысы Назгүл Жұмабай. 


Қаржылық сауаттылық: Бюджетті қалай басқару керек?


Сондай-ақ мамандар қаржылық қауіпсіздіктің негізі өз қаражатыңызды сауатты басқаруда екенін айтады. Қаржылық эксперт Асқар Имағанбетовтың сөзінше, адам өзінің материалдық жағдайын нақты сандармен біліп, бюджет жүргізудің арнайы тәсілін пайдаланған жөн.


- Ең бірінші қадам — қаржылық аудит, яғни қазіргі жағдайды нақты сандармен бекіту. Барлық активті (қолдағы ақша, депозиттер, мүлік) және міндеттемелерді (несиелер, қарыздар, бөліп төлеулер) бір жерге жазып шығу қажет. Сонымен қатар, кем дегенде бір ай бойы әрбір кіріс пен шығынды тіркеп, ақшаның қайда кетіп жатқанын ашық көру керек. Бюджет жүргізудің ең қарапайым тәсілін де білген жөн.  


Ең әмбебап әрі қарапайым тәсіл — «50/30/20» ережесі: 

50% — базалық, міндетті шығындар, оның ішінде коммуналдық қызмет, азық-түлік, жол, тұрғын үй, несие; 

30% — қалаулар мен жеке шығындар бар, оларға ойын-сауық, кафе, киім-кешек, хобби; 

20% — жинақ және қаржылық қор, оның ішінде депозит, инвестиция, қарызды мерзімінен бұрын жабу жатады. 


Бюджетті дұрыс жоспарлауды бастау үшін банктік қосымшалардың аналитикасын, қарапайым жазба дәптерін немесе CoinKeeper, Monefy сияқты мобильді қосымшаларды пайдалану жеткілікті, - дейді Асқар Имағанбетов.


Капитал жинау мен қарыз жүктемесі 


Маман өз бюджетін жоспарлаған адам капитал жинауы керек екенін де айтып өтті. 


- Ақша жинау — табыстың көлеміне емес, әдетке байланысты. Ең басты қағида: «Алдымен өзіңе төле». Табыс түскен күні кез келген шығынды бастамас бұрын, соманың кем дегенде 5-10% бірден жинаққа аударып тастау керек. Тіпті айына 5-10 мың теңгеден басталған әдет уақыт өте келе қаржылық тәртіпті қалыптастырады. Аз табыспен де ақша жинауға болады. Сонымен қатар қаржылық мақсатты SMART қағидасы бойынша қою керек. Мысалы, «үй алуға ақша жинау» емес, «бастапқы жарнаға 5 млн. теңге жинау», мерзімі де көрсетілуі тиіс, - дейді сарапшы. 


Қаржылық сауаттылық туралы кеңес берген маман ақшаны басқарудағы қателіктер мен несие алу кезінде ескерілетін маңызды тұстарға тоқталды. 


- Көпшілік ақшаны басқаруда бірнеше қателік жібереді. Адамдарда қаржылық қор жоқ, кез келген форс-мажор жағдайда несие алады. Эмоционалды сауда жасайды, бұл жоспарланбаған шығындарға алып келеді. Несиені алған кезде ең бірінші - ай сайынғы төлемнің отбасылық бюджетке әсерін есептеу керек. Кредит төлемі таза табыстың 30% аспауы тиіс. Одан бөлек өзіңізге «мен бұл затты несиесіз 2-3 айда ақша жинап ала аламын ба?» деген сұрақты қойыңыз. Егер бұл демалыс, гаджет сияқты тұтынушылық қалау болса, несиеден бас тартқан дұрыс,- деді Асқар Имағанбетов.


Қаржылық сарапшы қарыз жүктемесінің көп екенін білдіретін негізгі факторларды да атады. 

• Барлық несие төлемі айлық табыстың 50% асып кетуі;

• Бір несиені жабу үшін екінші несие алу;

• Күнделікті азық-түлік пен коммуналдық қызметке ақша жетпей, кредиттік карталар қолдану;

• Келесі жалақыға дейін қаржының қалмауы.


- Ал кредит рәсімделген жағдайда несие шартындағы нақты пайыз көлемін қарау керек. Сонымен қатар міндетті сақтандыру, комиссия, смс-хабарлама сияқты қосымша қызметтерге ақы алына ма, несиені мерзімінен бұрын төлегені үшін айыппұл немесе шектеулер бар ма, төлем кешіктірілгенде айыппұлдар немесе өсімпұл есептеу тәртібі қандай деген мәселелерге назар аударған жөн. Ал табысыңыздан айырылып, қарызды төлей алмай қалсаңыз, шығындарды барынша қысқарту қажет. Банктен жасырынбай, кешіртіру басталмай тұрып, қаржы ұйымына барып, реструктуризация (төлемді кейінге шегеру, мерзімін ұзарту арқылы айлық төлемді азайту) сұрап ресми өтініш жазу керек, - деп түйіндеді Асқар Имағанбетов.
12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!