Otpan News Logo

Ақтауда Республика күніне орай «Тіл – ұлт рухы» форумы өтті

Ақтауда Республика күніне орай «Тіл – ұлт рухы» форумы өтті

OTPANNEWS.KZ – Жиынға тіл мамандары, ұстаздар, жастар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ тіл жанашырлары қатысты.


«Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Толқын Құсайынованың айтуынша, бұл форумды өткізудегі басты мақсат - қазақ тілінің күнделікті өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу.


«Форумда ұстаздар, тіл мамандары және IT саласының өкілдері тәжірибелерімен бөлісті. Баланы қазақша сөйлеуге қалай баулимыз, тіл үйреніп жүрген адамға қалай көмектесеміз, қазақ тілін жаңа технологияларда қалай қолданамыз - осы мәселелер талқыланды. Кітап көрмесін де ұйымдастырып, тілге жанашыр болып жүрген азаматтарды марапаттадық. Қазақ тілінің дамуына әрқайсымыз үлес қоса аламыз. Баламызбен қазақша сөйлесіп, бірге кітап оқысақ, жұмысымызда қазақша қызмет көрсетсек - соның өзі үлкен көмек», – деді ол.


Mangystau Hub IT-технопаркінің басшысы, Astana Hub-тың өңірлік өкілі Айгерім Мажтай қазақ тілінің цифрлық IT-экожүйедегі орны, жасанды интеллект пен стартаптардың мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.


«Аталған форум аясында жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолданудың маңызы туралы баяндама жасадым. Қазіргі цифрлық заманда жасанды интеллект мүмкіндіктерін ана тілімізде пайдалану – тіліміздің мәртебесін көтерудің маңызды жолдарының бірі. Бүгінде технология қарқынды дамып келеді. Сондықтан қазақ тілі тек күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, ғылым мен білімнің, IT саласының және жасанды интеллектінің де тіліне айналуы тиіс. Ол үшін қазақ тіліндегі цифрлық контентті көбейтіп, жасанды интеллект жүйелерінде тіліміздің сапалы әрі кеңінен қолданылуына баса мән беруіміз қажет», – деді Айгерім Мажтай.


Іс-шара барысында қазақ тіліндегі әдебиеттер қойылған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Үш кітап – үш әлем» атты кітап таныстырылымы өтті. Жиын соңында қатысушылар «Тіл үшін бір қадам» бастамасы аясында ана тілімізді одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдірді.

76
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!