Ақтау мен Ыстамбұл арасындағы әуе рейсі қайта ашылды
OTPANNEWS.KZ – Бүгін FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау-Ыстамбұл бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсін орындады. Жаңа бағыт Маңғыстау тұрғындарының Түркияға қатынауын жеңілдетіп, өңірдің халықаралық туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Алғашқы рейсті шығарып салу рәсімі Ақтау халықаралық әуежайында өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімдігі, әуекомпания өкілдері, туристік қауымдастық мүшелері және алғашқы рейстің жолаушылары қатысты.
-Бүгінгі рейсіміз – Ақтау – Ыстамбұл бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының жаңартылған рейсі. Бұл – Ақтаудан биылғы жылдың соңына дейін компания жүзеге асыратын алтыншы халықаралық бағыт. Жыл соңына дейін жетінші халықаралық бағыт Ақтау – Ереван рейсін де ашу жоспарланып отыр. Біз Ыстамбұл бағытын Ақтау қаласын Қазақстанның батысындағы халықаралық авиация орталығы ретінде дамыту жолындағы маңызды қадам деп санаймыз, - деді Алия Баженова.
27 қазаннан Енді Ақтау мен Ыстамбұл арасындағы рейстер тұрақты кесте бойынша аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Сейсенбі күндері ұшақ Ақтаудан сағат 08:40-та ұшып, Ыстамбұлға сағат 10:35-те қонады. Кері рейс Ыстамбұлдан сағат 11:40-та ұшып, Ақтауға сағат 17:05-те жетеді.
Сенбі күндері Ақтаудан ұшу сағат 08:35-ке, ал Ыстамбұлға қону сағат 10:30-ға жоспарланған. Кері бағыттағы рейс Ыстамбұлдан сағат 11:15-те ұшып, Ақтауға сағат 16:40-та келеді. Уақыт екі әуежайдың жергілікті уақытымен көрсетілген.
Қазіргі уақытта FlyArystan Ақтаудан Кутаиси, Баку, Дубай, Батуми және Үрімші қалаларына халықаралық рейстер орындайды. Ыстамбұл бағытының қосылуы әуекомпанияның өңірден қатынайтын халықаралық бағыттар желісін кеңейтеді.