Маңғыстау облысы аумағында 116 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған
OTPANNEWS.KZ.- Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаштың төрағалығымен қала аумағындағы заңсыз қоқыс үйінділерін жою және құрылыс нысандарындағы санитариялық тазалықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті. Отырысқа өндірістік мекемелердің сондай-ақ құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында қала аумағында анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарының барысы және құрылыс алаңдарындағы санитариялық талаптардың сақталуы қаралды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-ның геопорталы арқылы жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде Маңғыстау облысы аумағында 116 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 26-сы Ақтау қаласына тиесілі. Бұл туралы жиында Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мәлімдеді.
- Қазіргі таңда қаладағы анықталған 26 нүктенің 16-сы қоқыс қалдықтарынан толық тазартылды. Қалған 10 учаске бойынша мәліметтер жинақталып, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары анықталды. Қоқыс үйінділерін жою жұмыстары бекітілген Жол картасына сәйкес жалғасуда, – Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сайлаубаев.
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жүргізген мониторинг нәтижесінде аумағында қоқыс қалдықтары жиналған 22 тұрғын үй құрылысы нысаны анықталған. Аталған нысандардың мекенжайлары, тапсырыс берушілері мен құрылыс салушы мекемелері туралы мәліметтер жинақталды.
Қала әкімі Мақсат Мұқаш жауапты мекемелер мен құрылыс компанияларына анықталған кемшіліктерді жою және қала аумағында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
- Барлық мекемелер мен құрылысшылар арнайы техникаларын шаһар тазалығына жұмылдыруы тиіс. Қаланың тазалығы мен сәулеттік келбетін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Әрбір құрылыс салушы өз нысанының аумағына ғана емес, оған іргелес жерлердің де тазалығына жауапкершілікпен қарауы керек. Заңсыз қоқыс төгуге жол берілмеуі тиіс. Анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі қажет, – деді қала әкімі.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі құрылыс компанияларының өкілдеріне құрылыс алаңдары мен оған іргелес аумақтарда тазалықты сақтау, құрылыс қалдықтарын уақытылы шығару және оларды белгіленбеген орындарға төгуге жол бермеу қажеттігін айтты.