Маңғыстауда белгілі блогер алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында Instagram арқылы тауар сатуға уәде беріп, азаматтардың ақшасын иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Блогер күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу мәліметінше, күдікті Instagram әлеуметтік желісінде Қытайдан әкелінетін түрлі тауарларды, соның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан едәуір арзан сататыны туралы жарнама жариялаған.
Тауарларды жарнамалау үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар блогердің Instagram парақшасы пайдаланылған. Жарияланымдарда тауарлардың бар екені, сапасы және Қазақстанға жеткізілетіні туралы ақпарат берілген.
Жарнамаға сенген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тауар ақысын жеке кәсіпкердің шотына аударған. Алайда тапсырыстар жеткізілмеген. Тергеу нұсқасы бойынша, аударылған қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.
Қазіргі уақытта ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сатып алу үшін ақша аударған жәбірленушілер анықталған.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, өзге де ықтимал жәбірленушілерді іздестіріп жатыр, - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы сауда жасағанда сақ болуға, сатушының сенімділігін тексеруге және күмәнді шоттарға ақша аудармауға шақырады.