Президент Жолдауындағы жастарға басымдық - ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөлінуі - еліміздің келешегіне салынған сенімді әрі маңызды инвестиция деп есептеймін.
Жолдауда көтерілген бастамалар жастардың білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына, сондай-ақ қоғам өміріне белсенді араласуына нақты мүмкіндіктер туғызады.
Атап айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған бастама – жастарды нақты кәсіпке баулуға, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуына жол ашатын маңызды қадам. Бұл - тек жұмыссыздықты азайту ғана емес, өндіріс пен экономиканың нақты секторларына білікті кадрлар дайындауға бағытталған кешенді шара.
Сонымен қатар, жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысы – жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды құрал. Кеңес аясында жастардың тұрғын үй, жұмыс, білім және денсаулық салаларындағы өзекті сұрақтары тыңдалып, нақты шешімдер қабылдануы - билік пен жастар арасындағы байланысты нығайта түседі.
Жалпы алғанда, Жолдаудағы жастарға арналған бастамалар олардың әлеуетін толық ашуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға және ел дамуына нақты үлес қосуға бағытталған. Бұл - жастарды қолдауға арналған ұстанымды саясаттың жалғасы ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген сенімді көзқарастың көрінісі.
Нұрсұлтан Мұрзабек
«Aktown» шығармашылық бірлестігінің басшысы
