Еліміздің барлық мектебінде жалпы мектептік ата-аналар жиналысы өтеді

15–20 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектебінде «Мектеп және отбасы: ізгілікті әрі жауапты тұлға тәрбиелеудегі ынтымақтастық» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өтеді. Бұл іс-шара «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жиналыс еліміз бойынша 8 мыңнан астам мектепте 40 мыңнан астам ата-ананың қатысуымен өтеді. Қыркүйек айының соңында және қазан айында ата-аналар комитеттерінің кеңейтілген отырыстары аудандық, қалалық және өңірлік деңгейде өтеді. Ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» серіктестігін нығайтуға арналған алғашқы республикалық форум ұйымдастырылады.
Басты мақсат – мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту, сондай-ақ әділ, еңбекқор және жауапты ұрпақ тәрбиелеуде бірыңғай көзқарас қалыптастыру.
Біз адал азаматты тәрбиелеу мектеп пен отбасының тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес деп санаймыз. Ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне белсенді қатысып, мектеппен бірге балаларға ортақ құндылықтарды сіңіруі аса маңызды, – деп атап өтті Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.
