Маңғыстауда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл күшейтілді
Otpan News
|
16.09.2025 14:30

Маңғыстау облысында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Соңғы үш ай ішінде өңірде есірткіге байланысты 129 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бақтыбай айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша есірткі сату – 21 дерек, 296-бабы 4-бөлігі бойынша аса ірі көлемде сақтау – 2 дерек, 300-бабы бойынша есірткі дақылын өсіру – 5 дерек тіркелді.
- Заңсыз айналымнан 36 кг 808 грамм есірткі заттары тәркіленді. Қылмыстық жауапкершілікке – 98 адам (оның ішінде 3 шетелдік азамат) тартылды. Биыл сотқа есірткі қылмыстары бойынша – 25 қылмыстық іс жолданды, 14 іс тоқтатылды, мерзімнен асқан істер жоқ. ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы бойынша (медициналық емес мақсатта есірткі қолданғаны үшін) – 156 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы бұғаттауға 375 наркомагазин сілтемелері жолданды. «Антифрод» жүйесі арқылы 12 млн 955 мың теңге сомасына 348 банк шоты анықталып, бұғатталды. Өткізілген 8 рейдтік іс-шара барысында есірткі дүкендерін жарнамалайтын 160 граффити жазбалары боялды, оған үкіметтік емес ұйымдардың шамамен 60 еріктісі қатысты. 163 профилактикалық іс-шара (акция, семинар, спорттық жарыстар және т.б.) өткізілді, - деді Нұрбол Бақтыбай.
Брифинг барысында спикер былтыр іске қосылған «Stop synthetic Mangystau» телеграм ботының жұмысы туралы айтты.
-Аталған бот арқылы азаматтар синтетикалық есірткіні тарату және қолдану жағдайларын, сондай-ақ түрлі есірткі қылмыстары, интернет-дүкендерде есірткі сату бойынша сілтемелер туралы туралы анонимді түрде хабарлай алады. Барлық хабарлама толықтай құпия сақталып, тиісті органдарға шаралар қабылдау үшін жеткізіледі. Шағымыңыз қысқа мәтін, сурет, видео, сілтеме үлгісінде қабылданады, - деді Нұрбол Бақтыбай.
39

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев