Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.


Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты.


Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. Осы орайда бүгін мен еліміздегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.


Мемлекет басшысы жер жүзінде түрлі себептерге байланысты табиғи және техногендік апаттар көбейіп кеткеніне тоқталып, кәсіби тұрғыдан білікті, мықты мамандарды, яғни жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.


Осы мақсатпен Көкшетау техникалық институты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы болып қайта құрылды. Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқарушыларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қабылдауға міндетті. Өте қиын, қауіпті, бір емес, бірнеше бағытта дайындықты қажет ететін осынау мамандықты насихаттауға бұқаралық ақпарат құралдары, өнер адамдары үлес қоса алады. Нағыз құтқарушылар әскери іс, экономика, құрылыс және басқа да көптеген саладағы арнайы білімді меңгерген. Олардың арасында спортшылар да аз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!