Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданында аурухана жөндеуін жеделдетіп, газ реттегіш стансасының жұмысын қалпына келтіруді тапсырды

|
17.10.2025 17:22
Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданында аурухана жөндеуін жеделдетіп, газ реттегіш стансасының жұмысын қалпына келтіруді тапсырды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму бағытындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Алдымен облыс әкімі қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Жобаның жалпы ауданы 54 146 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың наурыз айында толық аяқталып, пайдалануға берілмек.


Сонымен қатар жұмыс барысында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасына Haval M6 маркалы екі арнайы санитарлық автокөлік пайдалануға берді.


Бұл көліктер санитарлық бригадалардың қызметін қамтамасыз етуге арналған. Олар шұғыл емес жағдайда медициналық көмек көрсетуге және пациенттерді ауруханаға жеткізуге мүмкіндік береді. Арнайы жабдықталған автокөлік үш адамды (оның ішінде жүргізушіні) отырғызылған күйде және бір науқасты жатқызылған күйде тасымалдауға бейімделген.


Нұрдәулет Қилыбай аурухана ұжымына сәттілік тілеп, мердігер ұйым мен жауапты басқарма өкілдеріне құрылыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.


– «Аурухана – тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған маңызды әлеуметтік нысан. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстар уақтылы әрі сапалы аяқталуы тиіс. Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір теңге – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инвестиция», – деді облыс әкімі.


Сапар барысында аймақ басшысы Бейнеу ауылындағы автоматтандырылған газ реттегіш стансасының қазіргі жағдайымен де танысты. Аталған нысанның құрылысы 2015 жылы аяқталған. Алайда станса магистральды газ желісіне қосылмағандықтан, қолданысқа берілмеген. Аймақ басшы тиісті сала басшыларына нысанның жағдайын кешенді зерделеп, ауылды толық газбен қамту және инфрақұрылымды тиімді пайдалану бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

70
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!