Ақтауда 180 сарбаз Қазақстан Әскери-теңіз күштері қатарына қосылды

2025 жылғы күзгі шақырылым аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз базасына елдің батыс өңірлерінен 180-нен астам жас сарбаз келді. Олар Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан мерзімді әскери қызметке шақырылды. Шақырылған сарбаздарды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды otpannews.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Әскери бөлім басшылығы оларға бөлімнің құрылымы мен тарихын таныстырып, алғашқы нұсқаулық жұмыстарын жүргізді. Сарбаздар медициналық тексеруден өтіп, әскери форма және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бастапқы әскери дайындық Ақтаудағы десанттық-шабуылдау батальоны базасындағы оқу орталығында өтіп жатыр. Бір ай ішінде сарбаздар саптық, атыс, тактикалық және дене дайындығы бойынша сабақтарға қатысады. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бағытында да дайындық қарастырылған.
Жаттығуларды тәжірибелі әскери мамандар жүргізеді. Жаңадан келген сарбаздарға бейімделу кезеңінде әскери психологтар қолдау көрсетеді. Бұл олардың қызметке тез үйренуіне көмектеседі, – деді подполковник Асылхан Маралбаев.
Өз еркіммен келдім. Әскери тәртіп пен жауапкершілікті үйренгім келеді. Болашақта теңіз күштері құрамында қызмет етуді қалаймын, – дейді Орал қаласынан келген Әбдірахман Наурызбаев.
Бастапқы дайындық аяқталған соң, сарбаздар әскери-теңіз күштерінің түрлі бөлімшелеріне, яғни жауынгерлік кемелерге, десанттық батальонға және басқа да бөлімдерге бөлінеді.
