Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда қазақ өнері мен әдет-ғұрпын насихаттайтын фестиваль өтті

|
17.10.2025 09:03
Ақтауда қазақ өнері мен әдет-ғұрпын насихаттайтын фестиваль өтті

Фестиваль “Қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғырту” жобасы аясында өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


“Алтын Оймақ” қолөнерді қолдау қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шара 2 күнге жалғасты. Алғашқы күні шеберлер бірігіп, Ә. Кекілбаев музейінің алдына қазақтың ұлттық киіз үйін тікті. Келушілерге киіз үйдің ішкі-сыртқы безендірілуі мен оның мағынасы туралы айтылды. 


Фестивальдің екінші күнінде қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шеберлік сағаттары өтті. Атап айтқанда, жүнмен жұмыс жасау, дәстүрлі қазақ кестесін кестелеу, ұршық иіру, ағашпен жұмыс, шашақ жасау, керамикамен жұмыс, бау тоқу, құр тоқу, ши тоқу, қамшы өру және зергерлік бұйымдар жасау бойынша келушілерге тәлім көрсетіліп, қатысушылар өз бұйымдарын жасады. 


Бұдан бөлек ұлтымыздың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылып, аластау және тұсау кесу дәстүрлері жасалды. 


Бүгін ұлым Заңғар 1 жасқа толып, тұсауы кесілді. Осындай жауапкершілігі мол істі қолөнер шебері, домбыра жасаудың маманы Нұржан Мұсаев ағамызға сеніп тапсырдық. Ұлыма сол кісінің жақсылығы жұғып, ел азаматы болып өссе деген тілегім бар,- деді Құндыз Темірханова. 


Сондай-ақ ұлттық арқан тартыс ойыны өтті. Одан бөлек жергілікті сән үйлері мен тігіншілердің туындылары көрерменге ұсынылып, сән көрсетілді. 


Алтын оймақ” қоғамдық қоры 2016 жылы құрылды. Мақсатымыз – ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі қолөнерін, әдет-ғұрпын насихаттау және жаңғырту. Іс-шараның да басты көздегені – жастарға үлкендерден өнеге үйретіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Осы фестивальда киіз үйді тігу, оны жығу, киіз үйдің ішкі және сыртқы бұйымдарын әзірлеу секілді біршама маңызды дүниелерді көрсетіп, айтып, экскурсия жасадық,- деді “Алтын оймақ” Қоғамдық қорының төрайымы Сағынаева Әуес. 


Айта кетейік, аталған фестивальға 40-қа жуық қолөнер шеберлері қатысып, туындылары көрме-жәрмеңкеге қойылды.

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!