Президент Конституцияға қатысты пікір білдірді
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында конституцияға өзгеріс енгізудің маңызды тұстары туралы айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Презилдент азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін алға тартты.
«Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, онституциялық комиссияның он отырысы өткенін атап, құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына бағыттайтынын жеткізді.
«Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын. Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі. Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады. Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
245
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев