Полиция қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың айырмашылығын түсіндірді
OTPANNEWS.KZ – Қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтық бір ұғым емес. Екеуінің де түпкі мақсаты азаматтардың ақшасын иемдену болғанымен, жүзеге асу тәсілдері әртүрлі.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мырзашевтің айтуынша, интернет алаяқтық кезінде қылмыскер мен жәбірленуші көбіне бір-бірімен тікелей кездеспейді. Ал қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар белгілі бір компания немесе ұйым құрып, азаматтарды соған ақша салуға тартады.
Мәселен, кейбір пирамидалар автокөлікті нарықтағы бағасынан қымбатқа сатып алуға уәде береді. Алғашында бірнеше адамның көлігін сатып алып, ақшасын толық төлейді. Осыған сенген азаматтар таныстарын да шақыра бастайды. Бірақ жаңа қатысушылардың қаражаты жиналған соң, ұйымдастырушылар компанияны жауып, жоғалып кетеді.
Полиция өкілі тұрғындарға кез келген қаржылық ұсынысты мұқият тексеруге кеңес береді. Әсіресе нарықтағы бағадан қымбат сатып алуға немесе қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беретін компанияларға сақтықпен қарау қажет.