Маңғыстауда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптары түсіндірілді
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Данияр Жақсылықовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) өзекті мәселелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараға облыстық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қала және аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Семинар офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Жиын барысында мемлекеттік органдарға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу және қарау тәртібі, «e-Otinish» ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізу ерекшеліктері, сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы, әділет кеңесшісі Гүлназ Ломакина жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде жиі кездесетін бұзушылықтар және олардың алдын алу шаралары туралы баяндады.
Маңғыстау облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Назгүл Көңілқос ӘРПК-нің кейбір мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдар мен әкімшілік рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз етуге қатысты қағидаларға тоқталды.
Семинар барысында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бөлім прокуроры Исатай Ташимов жолданымдармен жұмыс істеу кезінде заңнама талаптарын сақтау маңызды екенін жеткізді.
-Бүгінгі семинардың басты мақсаты – мемлекеттік органдарға келіп түскен жолданымдарды тіркеу және қарау тәртібін түсіндіру, осы бағыттағы жұмыстың өзекті мәселелерін талқылау. Жиын барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2023 жылғы 4 қаңтардағы №4 бұйрығымен бекітілген қағидалардың негізгі талаптары түсіндірілді. Жолданымдардың келіп түсуі, тіркелуі және қаралу барысы бойынша жан-жақты ақпарат беріліп, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар ұсынылды, - деді Исатай Ташимов.
Сондай-ақ семинарға қатысушылар талқыланған тақырыптар бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлерден нақты жауаптар алды. Жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде кездесетін мәселелер, әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібі және заңнама талаптарын іс жүзінде қолдану бойынша түсіндірмелер берілді.
Жиын соңында талқыланған мәселелер қорытындыланып, мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлеріне ӘРПК талаптарын сақтау, жолданымдарды қарау кезінде заңдылық пен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер қойылды.