Береген қол алаған қолдан қайырлы
Өңірлердің өркендеуі мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамалар – ел дамуына қосылған маңызды үлес. Бұл ретте Атырау мен Маңғыстау облыстарында түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан NCOC компаниясының жұмысы айрықша атап өтуге тұрарлық. Компанияның инвестициялық қолдауы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және тұрғын үй салаларын қамтиды.
Халық денсаулығын сақтау – кез келген мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта биыл ақпан айында NCOC компаниясы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасына 20 жаңа жедел медициналық жәрдем көлігін табыстады. «Hyundai Staria» базасында жасалған автокөліктер пациенттер мен медицина қызметкерлерін тасымалдауға, сондай-ақ шалғай елді мекендерден зардап шеккендерді эвакуациялауға арналған.
Заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған көліктердің өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор-монитор, электрокардиограф және тасымалданатын жансақтау жүйесі бар. Бұл, әсіресе, аудандық және ауылдық жерлердегі жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Компанияның денсаулық сақтау саласындағы қолдауы мұнымен шектелмейді. Бұған дейін әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар аясында өңірге бес жедел жәрдем көлігі мен екі мобильді крематор табысталған еді. «КамАЗ» базасында жасалған инсинераторлар ауыл және мал шаруашылығындағы биологиялық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған. Ал Toyota HiAce көліктері алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
NCOC компаниясының әлеуметтік инвестицияларының тағы бір маңызды бағыты – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, қабілетін дамытуына жағдай жасау. 2024 жылы Ақтау қаласында 1500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Мұнда балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға арналған барлық мүмкіндік қарастырылған.
Сарайда оқу және үйірме кабинеттері, спорт кешені, хор мен оркестрге арналған сыныптар, авиамодельдеу бөлмелері және IT-зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ экологиялық-биологиялық, гуманитарлық және туристік-өлкетану бағытындағы үйірмелер ұйымдастыруға жағдай жасалған. Бұл нысан балалардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, болашақ мамандығын таңдауға да жол ашады.
Студенттердің тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жоба да ерекше назар аударуға лайық. Ақтаудың 17-шағын ауданында бой көтерген заманауи бес қабатты жатақхана 500 орынға есептелген. Ғимаратта екі және үш адамға арналған бөлмелермен қатар, санитарлық тораптар мен демалыс орындары қарастырылған.
Ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын дамыту да компания назарынан тыс қалған емес. 2024 жылы Маңғыстау облысының Бекі ауылында 100 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Оның бір ерекшелігі – балалардың практикалық қабілетін шыңдауға арналған керамика шеберханасы мен аспаздық бөлмесінің болуы. Мұнда оқушылар ұлттық қолөнерді меңгеріп, тұрмыстық дағдыларын жетілдіре алады.
Ал былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында Түпқараған ауданында кәсіби өнер мектебі мен 100 отбасыға арналған тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бір ауысымда 260 балаға білім беруге арналған өнер мектебінде музыка, оркестр және хореография залдары, тігін кабинеті, кітапхана мен кәсіби бағдар беру бөлмелері бар.
Жалпы, NCOC компаниясы бүгінге дейін Атырау және Маңғыстау облыстарында 240 әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырған. 1998 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасы аясында жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инвестиция көлемі 958 миллион АҚШ долларынан асты.