Отпан тау баурайында облыс өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсетті
«Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өткен Амал мейрамы аясында облыс аудандарынан келген өнерпаздар өз өнерлерін паш етті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараға Түпқараған ауданынан С.Шапағатов атындағы мәдениет үйінің «Науалы саз» фольклорлық ансамблі мен әншілері, Қарақия ауданынан «Әжелер» ансамбліы және «Қазына» домбырашылар ансамблі, сондай-ақ Мұнайлы ауданы мәдениет үйлерінің әншілері, күйшілері мен би ансамбльдері қатысты. Өнерпаздар жыр-термеден, халық әндерінен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарлама барысында «Ақ ерке», «Дүр қамшы», «Гүлжансары» сынды халық әндері шырқалды.
Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов атындағы мәдениет үйінің директоры Нұргүл Ағылман мерекелік іс-шараның маңызына тоқталды.
-Бүгін Амал мерекесіне орай Отпан таудағы «Адай ата» тарихи-мәдени кешеніне арнайы келіп отырмыз. Елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын бұл мереке – игі дәстүрге айналған ерекше күн. Осы мерекеге орай концерттік нөмірлерімізді дайындап келдік. Ауа райы да тамаша. Барша қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтаймын. Амал мерекесі құтты болсын, - деді Нұргүл Ағылман.
Айта кетейік, мерекелік шараға Қазақстанның әр өңірінен келген тұрғындармен қатар шетелдік қонақтар да қатысты. Атап айтқанда, Польша, Түркия және Өзбекстан елдерінен келген туристер қазақтың салт-дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің көрінісіне куә болды. Сондай-ақ Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстаннан келген өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.