Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері
Қазақ ертеден салт-дәстүрді жанына серік еткен халық. Ұлан байтақ кең даламыздың табиғаты мен шаруашылығына байланысты ата-бабамыздың жасаған жөн-жоралғысына қарай халқымызға тән ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін салт-дәстүр пайда болған. Көш ілгері жылжыған сайын кей дәстүр ұмыт қала бастағандай. Көненің көзі, асыл қариялар жастарға дәстүрді дәріптеп көрсеткенмен уақыт өте келе мүлде қолданыстан шыққан салт-дәстүріміздің саны көп.
"Қазақ халқында ұмыт бола бастаған және сирек қолданылып жүрген керемет дәстүріміз бар. Олардың әрқайсысының өзіндік мән-маңызы мен ұрпаққа берер тәрбиесі бар. Солардың бірі "аунату" деген дәстүр. Ертеде сыйлы, абыройлы, бай-бақуатты кісінің орнына баласын әкеліп аунататын болған. Сондай-ақ, атақты адамның ыдысынан дәм ішкізіп, ырым еткен. Ондағы мақсат балам осы адамға тартсын, жолын берсін деген мағына. Қазір ол дәстүр де еш жерден көрінбейді",- дейді Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған филиалының меңгерушісі Гульфаризат Үйсінбаева.
Ұмыт қалмағанымен заман талабына сай деген дұрыс па, әлде адамдардың ықпалымен, қалауымен өзгеріске ұшыраған салт-дәстүр қатары көп.
"Қазіргі таңда тұсау кесу рәсімі қатты өзгерген. Баланың алдына түрлі заттарды қояды. Мәселен, микрофон, домбыра, ақша, кітап деген сияқты. Бала қадам басып, қай затты ұстаса, соған жақын болады деп болашағын болжайды. Осы көріністі барлық тұсау кесер тойдан көріп жүрген боларсыздар?! Мұндай дәстүр халқымызда болмаған. Бұл шамасы корей халқының салты. Сондай-ақ, қазақта тұсауды әйел адамға кестірмеген. Осы сөзді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз үнемі кітабында, өз сөздерінде айтып жүреді. Бірақ өздеріңіз білетіндей оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ",-дейді Гульфаризат Үйсінбаева.
Ата-бабамыз таңбай ұстанған, алайда қазір тарих қойнауында ғана қалған, ұмыт болған дәстүріміз де бар. Гульфаризат Үйсінбаева солардың бірнешеуіне тоқталды.
"Ұмыт қалған дәстүрді жаңарту десе, есіме "ерулік" түседі. Қазіргі таңда көршісінің кім екенін білмейтін де адамдар бар. Бір-бірімен араласпайды. Ертеде халқымыз "Алыстағы тумадан, жақындағы көршің артық", - деп көршісін құдайындай сыйлаған. Бұл да содан шыққан салт болса керек. Әрі қазақ халқының қонақжай, бауырмал, жомарттығының бір көрінісі.Бұл дәстүр қалай жасалған? Жаңадан көшіп келген көршілерін қонақ қылып, кең дастарқан жайып, мал сойып, дәм татқызатын. Ерулік беру арқылы көршілерін жатсынбай, етене араласып кетуге шақырады. Барлық ауыл болып көшіп келгендердің үйін тігісіп, кезекпе-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен үйлеріне шақырады. Қоныстанушылар жас отбасы болса, оларға ыдыс-аяқ сияқты тұрмысқа қажет заттарды сыйға тартады. Ұмытыла бастаған "жарапазан" дәстүрі де бар. Қазірге кезде балалардың сөздік қоры, сөйлеу мәдениетіне бұл дәстүр үлкен үлес қосқан болар еді. Оны жаттап, көрген жерлерінде айтып жүрсе, бұл дәстүріміздің жаңғыруы және балалардың есте сақтау қабілеті жақсарып, жырға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Біздің бала кезімізде айт уақытында үйді толық тазалап, сандықтағы әдемі, қазақи киімдердің барлығын сыртқа шығарып, іліп қоятын. Бұл дәстүр де уақыт өте келе жойылып бара жатыр", - дейді кітапхана қызметкері.
Ұлттық дәстүрді жаңғыртудағы мемлекет пен қоғамның рөлі өте маңызды. Атадан балаға мирас болып беріліп келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз тек тарих беттері мен үлкендердің санасында қалып кетпес үшін ел болып, халық болып насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу керек.
"Дәстүрді жаңарту үшін мемлекет тарапынан түрлі мәдени іс-шаралар мен жобалар ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, осы шараларға жастар мен жасөспірімдерді түгел қатыстыру керек. Осындай мәдени іс-шараларды көріп өскен баланың санасында барлығы жатталады. Оған қоса, салт-дәстүрді баланың санасына сіңіру отбасынан басталады. Үйдегі ата-ана, аға-апа ұстанатын болса, балалар да көргенін істейді. Ата-бабамыз ұстанған дәстүрлердің барлығының тәрибелік маңызы зор. Олар үлкенді құрметтіп, кішіге ізет көрсетуді, бірлікке, адалдыққа, қонақжайлылыққа тәрбиелейді. Отбасындағы салт-дәстүр балалардың бойында патриоттық сезімді оятады. ",- дейді Гульфаризат Үйсінбаева.
Жастар арасында ертеден қалған дәстүр мен ырым-тыйымдарға көз жұма қарап, мүлде елемейтіндер де бар. Жас буынның дәстүрді бойына сіңіріп, елінің тарихы мен әдебиетін біліп, ұлтық мұрамен сусындап өсуі еліміз үшін, қазақ халқының болашағы үшін өте маңызы. Себебі елім дейтін ер ұлтының ұлттық мұрасы мен жәдігерін көзінің қарашағындай сақтайтын жастардан шығады.
"Жастарымыз интернеттің, қолдағы смартфонның құрбаны. Көп уақытын осыларға арнайды. Жан-жағына қарап, адамдармен тілдесуге қарағанда виртуалды өмірді жанына жақын етіп тұрады. Жастарға осы жасанды өмірден шығып, шынайы өмірге көп көңіл бөлуге кеңес беремін. Отбасыңмен күнде жақын қарым-қатынаста жақсы араласып, достарыңмен көбірек сөйлесіп, үйдегі үлкендер барып жүрген жерлерден қалмаса, ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді бойына жиып өседі", - дейді кітапхана меңгерушісі.
Тамырынан ажыраған ағаш солатыны секілді құндылығын жоғалтқан ұлт та тарих сахнасынан ығыса береді. Ұмыт қалған дәстүрлер - біздің рухани тірегіміз. Сол тіректі қайта тіктеу арқылы ғана біз заманауи әлемде өз бет-бейнемізді сақтап қала аламыз. Ендеше, ұмытылған әрбір салтты отбасымызда жаңғыртып, ұлттық кодты ұрпаққа бүтін күйінде табыстау - әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.