«Қызылсай» табиғи паркі аумағында бұлақ көздері тазартылды
Маңғыстау өңіріндегі Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында аң-құстар су ішетін бұлақ көздерін ашу және тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Парк мекемесінің мемлекеттік инспекторлары табиғи бұлақтардың көзін ашып, оларды қоқыстан тазарту арқылы жабайы жануарлар мен құстардың су ішуіне қолайлы жағдай жасауға күш салуда. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар табиғи экожүйенің сақталуына және жануарлар дүниесінің тіршілік ету ортасын қорғауға бағытталған.
Парк директоры Мыңберген Қаратауов табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң-құстардың тіршілік ету ортасын сақтау – біздің негізгі міндетіміз. Бұлақ көздерін ашу жұмыстары жануарлардың табиғи ортада еркін тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деді парк басшысы.
Сонымен қатар парк басшылығы тұрғындарға заң талаптарын сақтауға қатысты үндеу жолдады.
«Қазақстан Республикасының “Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы” Заңының 14-бабының 3-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтін итбалықтар, тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстардың үстінен ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының (дрондардың) бір шақырымнан төмен биіктікте ұшып өтуіне тыйым салынады. Аталған талаптар бұзылған жағдайда, заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», - деп мәлімдеді парк өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Адамтас мемлекеттік табиғи қаумалы аумағында да бірлескен рейдтік-бақылау жұмыстары жүргізілген болатын. Шараға қаумал басшысы Д.Айтжанов бастаған мемлекеттік инспекторлар, облыстық балық инспекциясы және Кендірлі шекара қызметінің қызметкерлері қатысып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда табиғатты қорғау талаптарының сақталуын тексерді.
Мамандар мұндай шаралар табиғи байлықты сақтау мен заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталғанын атап өтті.