Otpan News Logo

Онды бағында 500-ден астам жеміс ағашы отырғызылды

|
26.11.2026 15:16
Онды бағында 500-ден астам жеміс ағашы отырғызылды

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстаудағы Онды бағында жеміс ағаштарын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кезекті көгалдандыру шарасына «Ойл Констракшн Компани» ЖШС қызметкерлері қатысып, бақ аумағына 500-ден астам көшет екті.


Онды бағының бас бағбаны Жәнібек Қожықтың сөзінше, бұл жолы баққа айва, алмұрт, алма және өрік көшеттері жеткізілген. Жеміс ағаштарын отырғызуға мекеме қызметкері Алмас Нұрбаев та атсалысқан.


Бас бағбан бақтың өркендеуіне қолдау білдірген кәсіпорын ұжымына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жылдан бастап ағаш егуге үлес қосқан мекемелер мен азаматтардың есімдерін арнайы тақтайшалар арқылы ұлықтау жоспарланып отырғанын айтты.


– Бақтың дамуына қолдау көрсеткен «Ойл Констракшн Компани» ЖШС ұжымына және мекеме басшысы Дәурен Мұратбайға алғысымды білдіремін. Келер жылдан бастап ағаш отырғызуға атсалысқан мекемелер мен жеке азаматтардың есімдерін арнайы белгілерге жазып, еккен ағаштарының жанына орналастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Жәнібек Қожық.


Жобаның түпкі мақсаты – бақтағы жеміс ағаштарының санын 100 мыңға дейін арттыру. Осылайша, болашақта аймақтың жеміс-жидекке деген сұранысының бір бөлігін жергілікті өнім есебінен өтеу көзделіп отыр.


Онды бағын дамытуға кәсіпорындармен бірге жеке тұрғындар да қатыса алады. Бұл бастама өңірдің жасыл желегін молайтып қана қоймай, келешек ұрпаққа табиғи байлық қалдыруды көздейді.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!