Оңай олжа жоқ: Бас прокуратура есірткі қылмыстарының салдары туралы ескертеді
OTPANNEWS.KZ. - Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Қылмыскерлер есірткіні тарту, жарнамалау және өткізу үшін белсенді пайдаланатын цифрлық кеңістікке ерекше назар аударылуда. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мыңнан астам материал, оның ішінде 6 мыңнан астам интернет-дүкен анықталып, бұғатталды. 619 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталып, қылмыстық жолмен алынған 2,6 миллиард теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды.
Есірткі бизнесіне қатысы бар адамдар интернетте анонимді болып қаламыз деп ойламауы тиіс. Есірткі сататын интернет-дүкендерге кіру, олардың әкімшілерімен хат алмасу, тапсырмалар алу және қаржылық операциялар жасау цифрлық із қалдырады. Бұл құқық қорғау органдарына есірткі жасырынатын орындарға тастап кетушілер мен курьерлердің жеке басын анықтауға, олардың байланыстарын ашуға және ақша қаражатының қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бүркеншік аттар мен жалған аккаунттарды пайдалану да қылмыстық әрекетке қатыстылықты анықтауға кедергі бола алмайды. Сонымен қатар, заманауи технологиялар есірткі желісіне қатысушыларды анықтап, қылмыстық бизнесті ұйымдастырушыларға дейін жетуге мүмкіндік береді.
Көзге көрінетін «жылдам пайда» түбінде қылмыстық жауаптылыққа, бас бостандығынан айырылуға және тағдырлардың күйреуіне әкеледі.
Мәселен, Алматы қаласында есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және оларды жасырын орындарға орналастыру күдігімен 15, 14 және 12 жастағы үш кәмелетке толмаған қыз ұсталды. Олар 7 және 9-сынып оқушылары. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тағы бір мысал – Жітіқара қаласының 19 жастағы тұрғыны интернет-дүкенде есірткі сақтайтын қоймаға жауапты «складмен» қызметін атқарған. Оны ұстау кезінде шамамен 400 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Рудный қаласында интернет-дүкеннің мүддесі үшін есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырумен айналысты деген күдікпен 21 жастағы екі жас жігіт ұсталды. Олардан шамамен 700 грамм α-PVP синтетикалық есірткісі табылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бұл жағдайлар тез әрі оңай табыс табуға қатысты уәделердің адамдарды ауыр қылмыстарға тарту тәсіліғана екенін айқын көрсетеді.
Мемлекет басшысы жастар арасында нашақорлықтың таралуы қоғамға елеулі қауіп төндіретінін, ал есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл ұлттың генофондын сақтау мәселесі екенін бірнеше рет атап өткен. Мұндай жойқын құбылыстарды жою қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру, заңға, тәртіп пен жауапкершілікке құрметпен қарауды қалыптастыру, ең алдымен, өскелең ұрпақты тәрбиелеу арқылы ғана мүмкін болады.
Бас прокуратура азаматтардың, әсіресе жастардың назарын аударады: есірткі бизнесі екінші мүмкіндік бермейді. Есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырушы немесе курьер ретінде жұмыс істеудің «қауіпсіз қосымша табысы» жоқ. Сол сияқты ауыр зардаптарға әкелмейтін «оңай ақша» да болмайды.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жұмыстары жүйелі түрде жалғастырылады. Мемлекет есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды анықтауды, зертханаларды жоюды, жеткізу арналарының жолын кесуді және қылмыстық топтардың қаржылық ағындарын бұғаттауды одан әрі жалғастырады.
Ешқандай ақша бас бостандығынан айырылуға тұрмайды. Бір ғана ойланбай қабылданған шешім жылдар бойы алған білімді, жоспарларды, мансапты және болашақты жоққа шығаруы мүмкін. Сондықтан ең сенімді қорғаныс – заңды, денсаулықты және есірткісіз өмірді саналы түрде таңдау.