Otpan News Logo

Маңғыстаулық еңбек ардагері мемлекеттік наградаға ие болды

|
26.11.2026 13:26
Маңғыстаулық еңбек ардагері мемлекеттік наградаға ие болды

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау өңірінің сауда саласының дамуына жарты ғасырдан астам уақытын арнаған ардагер Тоқбай Дауылбаев мемлекеттік награда - «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапатты Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай табыстады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


1948 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында дүниеге келген Тоқбай Егізтайұлы жастайынан білімге ұмтылып, болашақ кәсібін сауда саласымен байланыстырды. 1972 жылы Қарағанды кооперативтік институтының сауда экономикасы факультетін тәмамдап, еңбек жолын туған өлкесінде бастады.


Тоқбай Дауылбаев шалғай елді мекендерге тауар жеткізуді ұйымдастырып, халық пен шаруашылықтардың сұранысын уақтылы өтеуге күш салды. Еліміздің өзге өңірлерімен және одақтас республикалармен сауда байланысын жолға қойып, өңірдің жабдықтау жүйесін дамытуға үлес қосты.


Еңбек жолында Маңғыстау облыстық тұтыну одағының көтерме-сауда базасының директоры, облыстық еңбек-жинақ кассалары басқармасының басшысы, «Қазбакалейторг» сауда базасының директоры, «Өзенмұнайгаз» өндірістік басқармасының жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Кейін Өзен қаласының сауда жүйесін үйлестіру ісіне араласып, қала тұрғындарын азық-түлікпен және күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз ету жұмысына жетекшілік етті. Қызмет барысында сауда нысандарының жұмысын жүйелеуге, қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға, тауар жеткізу мен бөлудің тиімділігін арттыруға басымдық берді.



1992 жылдан бастап Маңғыстау облыстық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы ретінде өңірдегі сауда саласының жаңа экономикалық жағдайға бейімделуіне жетекшілік етті. Тоқбай Егізтайұлының тәжірибесі мен іскерлік қабілеті өңірдің сауда жүйесін сақтап, оның жұмысын үйлестіруде маңызды рөл атқарды.


Кәсіби білімін үнемі жетілдіруді мақсат еткен ол 1994 жылы Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын сала менеджменті мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін де қоғамдық және өндірістік қызметтен қол үзбей, Маңғыстау жол-құрылысы материалдар комбинаты акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.


Тоқбай Дауылбаевтың еңбегі түрлі марапаттармен де атап өтілген. Ол Қазақ КСР-інің «Сауда ісінің үздігі» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген сауда қызметкері» атағына ие болып, бірнеше рет Өзен қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!