Otpan News Logo

Ақтау гарнизонында әскери қызметшілер арасында «Көңілді тапқырлар клубы» сайысы өтті

|
26.11.2026 14:47
Ақтау гарнизонында әскери қызметшілер арасында «Көңілді тапқырлар клубы» сайысы өтті

OTPANNEWS.KZ. - Ақтау гарнизонында әскери қызметшілер арасында гарнизон бастығының кубогына арналған «Көңілді тапқырлар клубы» сайысы өтті. Биыл дәстүрлі ойын үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

 

Іс-шараның мақсаты – әскери қызметшілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру, әскери-патриоттық рухты нығайту, әскери ұжымдар арасындағы достық пен бірлікті қалыптастыру, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру.

 

Биылғы сайысқа алты команда қатысты. Атап айтқанда, ҚР Теңіз жаяу әскерлері бригадасының «Азаның балдары», Материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының «МТО», «Дала қырандары», «Әуе сақшылары», «Шекара қырандары» және «Еркін тұр 365/7» командалары өзара бақ сынады.

 

Салтанатты ашылу рәсімінде горнизон бастығы, подполковник Азамат Сүлейменов қатысушыларға сәттілік тілеп, сайыстың маңыздылығына тоқталды.

 

-Әскер – тек тәртіп пен жауынгерлік дайындықтың ғана емес, сонымен қатар достықтың, бірліктің, тапқырлық пен шеберліктің мектебі. Бүгінгі сайыстың басты мақсаты – сарбаздарымыздың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, бойындағы өнері мен тапқырлығын көрсетуге мүмкіндік беру, әскери ұжымдар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту. Әр командаға сәттілік тілеймін. Әзілдеріңіз жарасымды, өнерлеріңіз өрісті болсын. Ең үздік команда жеңіске жетсін, - деді Азамат Сүлейменов.

 

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Әр команда көрерменге өз өнерін ұсынып, әзіл мен тапқырлық арқылы әскери өмірдің қырларын көрсетті. Қатысушылар сахналық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер арқылы өзара бәсекеге түсті.

 

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Теңіз жаяу әскерлері бригадасының «Азаның балдары» командасы иеленсе, екінші орын «Шекара қырандары» командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің командасы иеленді.

 

Бұл сайыс әскери қызметшілердің шығармашылық әлеуетін ашуға, әскери ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және сарбаздардың рухын көтеруге ықпал етіп келеді.

37
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!