Ақтаудың 6-шағынауданына жаңа қазандық салуға 2,5 млрд теңге бөлінеді
OTPANNEWS.KZ. - Бұл туралы Депутат Аббат Өрісбаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді өркендету жолындағы саясатының басты мақсаты – өңірлерді дамыту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Осы бағытта Құрылтай депутаттарының бастамасымен республикалық бюджеттен қосымша 47 млрд теңге қарастырылды.
Республикалық бюджетті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобында Маңғыстау облысының өзекті мәселелерін көтердім. Соның бірі – Ақтау қаласындағы жылу тапшылығы. Бүгінде қаланың жылуға қажеттілігі сағатына 745 Гкал болса, автономды қазандықтардың мүмкіндігін есепке алғанның өзінде сағатына шамамен 130 Гкал жылу тапшылығы сақталып отыр.
Осы жылу тапшылығын шешу мақсатында әріптестерім, Құрылтай депутаттары Марат Себасов және Аят Сүгірбайұлымен тиісті ұсыныс енгіздік.
Нәтижесінде 2026 жылы Ақтау қаласының 6 шағынауданын жылумен қамтамасыз ететін жаңа қазандықтың құрылысына республикалық бюджеттен қосымша 2,5 млрд теңге бөлу көзделді.
Бұл – қаланың жылу қауіпсіздігін нығайтуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта да әріптестеріммен және облыс әкімдігімен бірлесе отырып қосымша қаржы көздерін тарту және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды жалғастырамыз», деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.