Маңғыстау облысында «Айбалта-2025» оқу-жаттығуы аяқталды

Бейнеу ауылы маңындағы оқу-жаттығу полигонында «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Қарулы күштердің басшылығы, Бейнеу ауданының әкімі Рақымжан Шалбаев және әскери қызметшілер қатысты.
Оқу-жаттығу барысында әскерлердің күрделі әрі жылдам өзгеретін жағдайларда әрекет ету қабілеті сыналды. Маневрлер кезінде ұрыс жүргізудің заманауи тәсілдері, жаңа тактикалық әдістер мен стратегиялар пысықталды.
Әскери бөлімдер арасындағы үйлесімді өзара іс-қимыл барлық жаттығу сценарийлерін сәтті орындауға мүмкіндік берді. Жеке құрамның далалық дайындық деңгейі, шапшаң бейімделуі және кәсіби біліктілігі жоғары бағаланды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік шыққан әскери қызметшілер мен бөлімшелер марапатталып, құрмет грамоталары және бағалы сыйлықтар табысталды.
«Айбалта-2025» оқу-жаттығуы Қазақстан Қарулы күштерінің қазіргі жедел жағдайларда қорғаныс пен шабуылда жауынгерлік тапсырмаларды тиімді орындай алатынын көрсетті. Жинақталған тәжірибе елдің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға негіз болмақ.
Салтанатты іс-шара соңында Бейнеу аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.



