Ақтауда дрон технологиялары бойынша жаңа жоба таныстырылды

Ақтауда Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің базасында «TurkicSkills – 2025» халықаралық чемпионаты аясында колледж педагогтеріне арналған «Дрон технологиялар: болашақтағы кәсіптер мен мамандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық семинар басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Білім ошағында ұйымдастырылған маңызды семинардың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтерін дрон технологияларының заманауи мүмкіндіктерімен таныстыра отырып, оларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдарын көрсету, инновациялық әдіс-тәсілдермен бөлісу және болашақ мамандықтарға дайындықты сапалы деңгейге көтеруге бағытталып отыр.
Аталған іс-шараға еліміздің түрлі өңірлерінен келген колледж оқытушылары, инженерлік-техникалық мамандар, білім беру ұйымдарының өкілдері және шетелдік сарапшылар қатысып жатыр. Семинар барысында қатысушыларға дрон құрылымының ерекшеліктері, басқару және бағдарламалау негіздері, оларды өндірісте, ауыл шаруашылығында, экологиялық мониторингте және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктері туралы теориялық және тәжірибелік ақпараттармен таныстырылды.
«Семинар аясында практикалық бөлімдер ұйымдастырылып, педагогтер дрондарды құрастыру, ұшыру және оларды оқу процесіне бейімдеу бойынша шеберлік сағаттарынан өтті. Сондай-ақ, дрондармен жұмыс істеудің қауіпсіздік ережелері мен құқықтық негіздері де талқыланды. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, үздік белсенділік танытқан педагогтер марапатталады», - деді колледж басшысы Айнагүл Көшкінбайқызы.
«Дрон технологиялар: болашақтағы кәсіптер мен мамандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер» колледж педагогтеріне арналған халықаралық семинары білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу, педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру және болашақ мамандарды дайындаудағы инновациялық тәсілдерді дамытуға бағытталған.


