Маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов «Qazaqstan Barysy – 2025» турнирінде қола белбеу иегері атанды

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен басты дода — «Qazaqstan Barysy – 2025» XIV республикалық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл жылы боз кілемде Қазақстанның барлық өңірінен — 17 облыс пен үш мегаполистен (Астана, Алматы, Шымкент) келген 43 үздік балуан бақ сынады.
Маңғыстау облысының намысын қорғаған Нұрдәулет Жарылғапов («Қара бура») тамаша өнер көрсетіп, қола белбеу мен 1,08 миллион теңге жүлдеге ие болды.
Ал турнирдің алтын белбеуін Қазақстан Қарулы күштерінің намысын қорғаған, «Найман» лақап атымен танымал Марат Байқамұров алды. Ол 106 келіге дейінгі салмақта алтын трофей «Тайтұяқты» және 15 миллион теңге жүлдені иеленді.
Күміс белбеу мен 3,3 миллион теңге былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаевқа («Қажыбай», 151 кг) бұйырды.
Турнир жеңімпаздарына марапатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыс етті.
Айта кетейік, дәстүрлі «Qazaqstan Barysy» турнирі Республика күні қарсаңында өтіп, ұлттық рухты, батырлық пен намысты дәріптеген айтулы оқиға болды.
