Ақтаудағы жылу желілерінің 79%-ы тозған: жауапты мекемелерге нақты тапсырма берілді

19 қазан күні Ақтау қаласында жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша көшпелі жиын өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, жылыту маусымына дайындық жөніндегі жедел штабтың басшысы Ербол Ізбергенов төрағалық етті, деп хабарлайды otpannews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі жиын барысында қаладағы жылу желілерінде анықталған ақауларды жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, жауапты мекемелерге оларды жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде Ақтаудағы жылу желілерінің 79%-ы тозып, толық жөндеуді қажет етеді. Инфрақұрылымның ескіруі салдарынан қалада жыл сайын шамамен 1500-ге жуық апаттық жағдай тіркеледі.
Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін 2029 жылға дейін қаладағы 24 шағынауданда 918 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар алдымен тозу деңгейі жоғары аймақтардан басталып отыр.
2024 жылы 3а, 3б шағынаудандарында және аурухана қалашығында жылу желілері жаңартылып, нәтижесінде апат саны қысқарып, қызмет сапасы жақсарған.
Жергілікті билік су және жылу жүйелеріндегі ақауларды жою жұмысын басты назарда ұстап отыр. Бұл бағыттағы кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.




