Мәжіліс Каспий теңізінің түбіне тұрақты ток кабелін төсеуге мүмкіндік беретін заңды қабылдады
Мәжілістің жалпы отырысында «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
— Бұл келісімге Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Мемлекеттерінің басшылары 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында СОР-29 конференциясының алаңында қол қойды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең өршіл энергетикалық жобалардың бірі және осы жобаның ауқымдылығы мен өңірлік маңыздылығын көрсетеді. Атап айтқанда «Жасыл энергетикалық дәліз» құру Қазақстан үшін Каспий теңізі арқылы Еуропамен іргетас қалайды, — деді құжатты таныстырған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оның атап өтуінше, келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға және жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық нарықтарға экспортты кеңейтуге бағытталған.
— Жоба бойынша Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға Каспий теңізінің түбіне су асты кабелін салу арқылы энергияның жасыл түрлерін беру жоспарлануда. Ол сондай-ақ осы энергияны ұқсас Қара теңіз жобасы арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты — Каспий теңізінің түбіне тұрақты ток кабелін төсеу. Бұл — Еуропалық одақтың электр нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретін техникалық жағынан күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан қажет шешім, — деді ол.
Министрдің мәліметінше, жобаны іске асырудың белсенді кезеңінде үш елдің энергетикалық ведомстволары Азия даму банкімен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен меморандум жасасты. Аталған меморандум аясында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жөніндегі консультант ретінде жетекші халықаралық италиялық CESI консалтингтік компаниясы айқындалды. ТЭН әзірлеу қорытындысы бойынша қаржылық модель және жобаның негізгі техникалық параметрлері айқындалатын болады.
— ТЭН әзірлеу құны шамамен 1 млн еуроны осы банктердің гранттық қаражатымен жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, бұл жоба өзекті және энергетикалық әртараптандыру бойынша халықаралық күн тәртібіне сәйкес келеді. Оны жүзеге асыруды қаржыландыруға дайын халықаралық қаржы институттарының жоғары қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған екі банк бірінші кезеңде тек 1 млн АҚШ доллары қажет болғанына қарамастан 2 млн АҚШ доллары көлемінде гранттық қаражат түрінде қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екендігін растады, — деді Ерлан Ақкенженов.
Министр аталған өзекті әлемдік жобаны іске асыру Қазақстанды ауқымды технологиялық бастамаларды іске асыруға және халықаралық энергетикалық дәліздерді қалыптастыруға қатысуға қабілетті орнықты энергетика саласындағы сенімді әріптес ретінде орналастыруға мүмкіндік береді.
— 2025 жылғы 1 шілдеде үш елдің жүйелік операторлары «Green Corridor Alliance» бірлескен кәсіпорнын құрды. Бүгінгі таңда бірлескен кәсіпорын сарапшылардың және жобаға қатысушы елдердің қатысуымен тұрақты негізде жұмыс кездесулері өткізілуде, — деді министр.