Otpan News Logo

Наурыз айындағы ҰБТ-ны 30 мыңнан астам оқушы тапсырды

|
12.03.2026 14:35
Наурыз айындағы ҰБТ-ны 30 мыңнан астам оқушы тапсырды
Ашық дереккөзден

2026 жылғы наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері 31 мың талапкер тестілеуден өткен. Бұл туралы еліміздің ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап otpannews.kz хабарлады.


Тестілеуге қатысушылардың 63 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 37 пайызы орыс тілінде, ал 74 талапкер ағылшын тілінде тапсырған. Алғашқы апта қорытындысы бойынша талапкерлердің 57,7 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 56,5 болды. Ең жоғары нәтиже - 136 балды құрап отыр.


Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінгені айтылды. ҰБТ-ға осындай санаттағы 101 талапкер қатысқан. Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты апелляциялар тестілеу барысында қабылданады. Апелляциялар қаралғаннан кейін нәтижелер сертификат түрінде талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.


ҰБТ-ның алғашқы аптасында ереже бұзудың 56 дерегі анықталды. Оның ішінде 36 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 20 адам тестілеу кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Ал жалған тұлғаларды анықтау фактілері тіркелмеген.


ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін тестілеу барысындағы бейнежазбалар 31 қазанға дейін талданады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу деректері анықталса, тест нәтижелері күшін жояды. Еске салайық, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін барлығы шамамен 184 мың өтініш қабылданған.

70
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!