Тоқаев елдегі әлеуметтік қолдау жүйесі мен адам капиталы туралы айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында елдегі әлеуметтік саясат, адам капиталын дамыту, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы нәтижелер және азаматтарды қолдау шаралары жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең басты байлығы – адамдар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан халқының саны тұрақты түрде өсіп, бүгінде 20,5 миллионнан асты. Дегенмен негізгі мәселе халықтың санында емес, адам капиталының сапасында екені айтылды. Мемлекет өз азаматтарына қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Сонымен қатар адам капиталын дамытуға арналған инвестиция көлемі жыл сайын шамамен бір триллион теңгеге артып отыр. Президент мұндай ауқымды әлеуметтік қолдау ел азаматтарының табанды еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Мысалы, ана мен баланы қолдау шараларын алайық. Көптеген дамыған мемлекетте, соның ішінде Еуропа елдерінде әйелдер баланы дүниеге әкелген соң бірнеше айдың ішінде жұмысқа шығуға міндетті. Ал Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Түрлі жәрдемақылар, жеңілдіктер қарастырылған. Оларға жұмыс орнын сақтай отырып, үш жылға дейін еңбек демалысын алуға мүмкіндік берілген. Бір сөзбен, ата-аналар бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Менің бастамаммен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Бүгінге дейін 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық баланың арнайы есепшотына 2,5 миллиард доллардан астам қаржы аударылды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көптеген мемлекеттерге қарағанда барлық деңгейде ақысыз білім алуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл қағидат жаңа Конституция жобасында да өзгеріссіз сақталған. Бүгінде елдегі мемлекеттік мектептерде балалар тегін білім алады. Қазіргі уақытта колледждерде 150 мыңға жуық студент мемлекет қаржысы есебінен оқып жатыр. Сонымен қатар талаптанған кез келген жас жоғары оқу орнына мемлекеттік грант арқылы түсе алады, ал грант саны жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жетіп, өңірдегі ең жоғары көрсеткішке айналды. Ал 2023 жылдан бері ана өлімі 35 пайызға азайып, сәби өлімі 20 пайызға төмендеп, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті.
«Соңғы жеті жылда 1259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысан бой көтерді. Былтыр Астанада науқастарды емдейтін Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – біздің аймақтағы теңдессіз нысан. Сондай-ақ өткен жылы «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Әйелдердің денсаулығын қорғауға арналған бұл бағдарламаның да мән-маңызы айрықша. Менің тапсырмаммен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Соның аясында жыл сайынғы бөлінетін квота саны 7 есе артты (яғни 1 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді). Бүгінде 11 мыңнан астам сәби осы ЭКО тәсілімен дүниеге келді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойғанын еске салды. Қазақстанда азаматтарға тегін медициналық көмек заңмен кепілдік берілген, былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алған. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жұмыссыз қалған немесе еңбекке жарамсыз азаматтарға арнайы төлемдер беріледі. Биыл әлеуметтік төлемдер көлемі 10 пайызға өсіп, 660 мыңнан астам адамға 70 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сонымен бірге жәрдемақылар мен зейнетақылардың барлық түрі де 10 пайызға артты. Президент кейбір азаматтар мемлекеттік қолдауды қалыпты жағдай ретінде қабылдап, оның мәнін жете бағаламайтынын айтты. Сондай-ақ әлеуметтік көмекті заңсыз алатын алаяқтармен күрес күшейтіліп, көмек шын мұқтаж адамдарға бағытталуы керек екенін атап өтті.
«Мұның бәрі – Қазақстанда дүниеге келгеннен бастап өмір бойы берілетін әлеуметтік көмектің аздаған бөлігі ғана. Өкінішке қарай, мемлекеттің мұндай қолдауын көпшілік тиісті деңгейде бағалай бермейді, оны солай болуға міндетті деп қабылдайды, аспаннан шұға жауғандай көреді. Халықаралық сарапшылар үкіметтерге қоғамда жалқаулық белең алып, азаматтардың жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін екені туралы ескертуде. Айтпақшы, жақында әйгілі Илон Маск осы тақырыпта сөз сөйлеп, әлеуметтік жүйелердегі «шектен тыс жомарттықтың» зиянын жеткізді. Осы тектес болжамдар мен мәлімдемелерді жиі көреміз. Сонымен қатар кейбір ар-ұяты жоқ адамдар, қарапайым тілмен айтқанда, алаяқтар, ешқандай құқығы болмаса да әлеуметтік көмек алудың қылмыстық жолдарын жасаған. Бұл жөнінде бұған дейін де айтқанмын. Мұндай қылмыскерлер ең әуелі мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж жандарды тонап отыр. Сондықтан әлеуметтік көмекті тиісті адресіне жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргіземіз. Шетелдіктер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесі осыншама жоғары деңгейде екеніне таң қалады. Себебі мұндай көмек кез келген елде көрсетіле бермейді. Ашығын айтсақ, кейбір мемлекеттер осындай қолдау жасауға құлықты емес», - деді Президент.