Ақтау портының қызметкерлері референдумға барады
Ақтауда өңірлік және қалалық коалиция өкілдері Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ұжымымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесу барысында құжаттың Преамбуласында көрсетілген басты құндылықтар, сондай-ақ Халық кеңесі мен Құрылтай институттарын құрудың мақсаты кеңінен талқыланды.
Жиын барысында мамандар жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Коалиция өкілдері құжаттағы нормалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаларын күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Сондай-ақ жаңа Конституция нормалары елдегі маңызды көлік-логистика орталықтарының бірі саналатын Ақтау портының қызметіне де оң ықпал ететіні айтылды. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігін арттыру, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және кәсіпорынның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері заңдық тұрғыда күшейтілетіні түсіндірілді.
Коалиция мүшелері жаңа жобаның 27-бабына сәйкес әрбір азаматтың еңбек етуге, өз кәсібі мен мамандығын еркін таңдауға құқығы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар жұмысшылардың қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайын талап ету құқығы бекітілетіні, ал мемлекет пен жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты жауапкершілік жүктелетіні айтылды.
Кездесу барысында өндірістік үдерістерге инновациялар енгізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушылар жаңа Конституция ел экономикасын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістік тиімділікті арттыруға құқықтық негіз болатынын атап өтті.
Порт қызметкерлері референдум арқылы қабылданатын жаңа Конституция елдің дамуына серпін беріп, қоғамдағы құқықтық жүйені жетілдіруге мүмкіндік жасайды деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, бұл бастама Қазақстанның қазіргі заман талаптарына сай дамуына бағытталған маңызды қадам болмақ.